- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Әлемдегі ең биік...
Әлемдегі ең биік ғимарат балама энергияға көшті
АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Эмпайр-стейт-билдинг ғимараты баламалы энергия көзіне көшті. Мұны The Washington Post басылымы хабарлады.
Әлемдегі ең биік мұнараның бірі – 103 қабаттық Empire State Building зәулім ғимараты мен оған жапсарлас бизнес-ғимараттардың бәрі енді жел энергиясының қуатымен жарықтандырылады.
Нью-Йорк пен Коннектикут штатының билік ғимараттары балама энергия көзімен айналысатын екі компаниямен үш жылдық келісімшартқа отырды. Энергия тасымалдаушы компаниялар ғимараттың қуат тұтынысын қанағаттандыру үшін 300 млн киловатт/сағат балама энергия тогын тартатын болды. Ол ғимаратты толық жарықтандыруға жетеді.
Ғимарат әкімшілігінің есептеуінше, балама энергияға көшу арқылы ауаға таралатын көмірқышқыл газын 204 мың тоннаға дейін азайтуға болады. Ал бұл – Нью-Йорктегі такси көліктерінің бір жылда ауаға шығаратын зиянды қалдығы екен. Қаладағы үй мен пәтердің барлығы 1 айға жарығын өшіріп тастаса, осынша көлемдегі газды үнемдеп қалуға болады.
Айта кеткеніміз жөн, жер бетіндегі ірі ғимараттар мен кеңселер ақырындап "жасыл энергияға" көшуді тенденцияға айналдырды. Бұған дейін Бахрейн еліндегі Бахрейн дүниежүзілік сауда орталығы, Қытайдағы Шанхай мұнарасы, АҚШ-тағы Apple Park штаб-пәтері, Сингапурдегі биік қонақ үй, Нидерландыдағы банк кеңсесі балама энергия көзіне өтті.
Енді бұл көшке құрылыс саласындағы ірі компаниялардың бірі – Empire State Realty Trust де қосылып, "жасыл энергияға" ауысты.
Қ. Слямбек