- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Вена - салтанатты...
Вена - салтанатты балдардың мекені
Вена туралы сөз естігенде, көз алдымызға сымбатты серілер мен ай десе аузы, күн десе көзі бар бойжеткендердің қатысуымен өтетін салтанатты бал келеді. Өткеннің еншісінде қалған жылдар мен ескі дәстүрді, сұлулық пен саф өнерді паш ететін мұндай балдар бүгінде тек қана осы Австрия жерінде өткізіліп жүр. Вена адамзат үшін осынысымен де құнды.
Веналықтардың балға деген махаббаты XVIII ғасырларда пайда болған. Ол кездерде елге танымал азаматтар мен ақсүйектер бетперде мен карнавалдық киімдерін киіп, адам танымастай болып өзгерген соң, өздеріне тыйым салынған істерге баруға мүмкіндік алған. Әсіресе, кедейдің қызына ғашық болған бекзадалар мұндай балдарды асығыстықпен күткен деседі.
Қазіргі таңда Венада жыл сайын 450-ге жуық бал өткізіліп тұрады. Салтанатты кештердің шарықтау шегіне жететін кезі – қаңтар және ақпан айлары. Бұл айларда таңғажайып карнавалдар ұйымдастырылып, қалаға сырттан келетін қонақтардың санында шек болмайды.
Негізі балдардың басталу уақыты - желтоқсан айының отыз бірінші жұлдызы. Ашылу салтанаты - Хофбург сарайында өтеді. Дәл осы жерде жиырма сегізінші қаңтар күні - Аңшылар балы, жиырма алтысы күні - Дәрігерлер балы, тоғызыншы ақпан күні - Заңгерлер балы ұйымдастырылады.
Веналық балдардың ең ерекшесі – кофесүюшілердің балы. Бұл кешке жыл сайын 5000-нан астам қонақ келеді. Жиын мәресіне жеткен соң, олардың барлығы мейрамханаға аттанып, таңға дейін көңіл көтереді.
Ал ең атақтысы – Мемлекеттік опера театрында өтетін Опералық бал. Бұл күні келушілер Рингштрассе театрының ішкі-сыртқы құпиясына әбден қанады. Өнерпаздардың талантына тәнті болып, театр тарихымен танысып қайту - кез келген туриске берілмейтін мүмкіндік.
Ең тәттісі – Венаның орталық концерт залында өтетін Карамель балы болса, ең көріктісі – Гүлдер балы. Бұл кезде бүкіл Вена гүлдер теңізіне айналып шыға келеді.
Аты аңызға айналған салтанатты кештердің куәгері немесе қатысушысы болғыңыз келсе, әлі де кеш емес! Венаға қарай билет алып қалуға тырысыңыз!
Суреттер:ridus.ru,4dancing.ru,muzcentrum.ru,imperia.hiblogger.net
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева