Ең соңғы тасман қасқырының видеосы жарияланды

Ең соңғы тасман қасқырының видеосы жарияланды
Фото: dailymotion.com

Аустралия кино және дыбыс ұлттық архиві (NFSA) ең соңғы тасман қасқырының видеосын жариялады. Бейнесюжет 1935 жылы Тасманиядағы Хобартс хайуанаттар бағында түсірілген.

Хайуанаттар бағындағы ең соңғы тасман қасқырының аты Бенджамин болған. 21 секундтық видео "Тасмания – ғажайыптар елі" атты деректі фильм үшін түсірілген. Ал оны түсірушілер ең соңғы тұқымы екенін білмеген. Видеодағы қасқыр бірер айдан кейін мерт болған, - деп жазады CNN.

Видеожазба 4К форматымен өңделген. Онда жүргізуші жануардың өте сирек кездесетіні жайлы және өркениеттің дамуы олардың өмір сүруіне едәуір әсер еткені жайлы айтады.

Тасман қасқыры – ірі қалталы жыртқыштар санатына жатады. Оның бойында қасқырдың, түлкінің және үлкен мысық түрлерінің белгілері бар. Бір қарағанда будандастырылған секілді көрінеді. Кенгуру, кеміргіштер (қоян, тиін, суыр, т.б.) мен кішігірім құстарды аулап өмір сүрген.

Бір кездері бұл жануар Аустралия құрлығының бар аймағында кездескен. Бірақ екі мың жыл бұрын материктегі дамуы күрт азайған. Оған себеп – адамдар мен жабайы динго итінің әсері болуы бек мүмкін. Кейінірек аз бөлігі Тасмания аралын мекендеген. Ресми дерек бойынша, ең соңғысы 1936 жылдың 7 қыркүйегінде өлген. Ол – дәл осы видеодағы Бенджамин.

Тасман қалталы қасқыры жайлы видео 3 минутқа жетер жетпес қана. Онда да сапалы, дауысы анық болмағандықтан жануардың дауысын есту мүмкін емес.

Соңғы жылдары тасман қасқыры жайлы деректер айтылып жүр. Табиғатта бірең-сараңы кездесуі де мүмкін деседі. Себебі 2016-2019 жылдар аралығында Аустралия полициясына осы жануарды кездестіргені жайлы 8 хабарлама түскен. Бірақ көргендердің бірде-бірі жыртқышты фото, не видеоға түсіріп үлгермеген.

Н. Үсенова