Жабайы мысықтың қай түрін аңшылыққа үйретуге болады?

Жабайы мысықтың қай түрін аңшылыққа үйретуге болады?
Фото: https://yandex.kz/

Адамдар жануарларды қолға үйретумен ерте дәуірден бері айналысқан. Түрлі аңдарды үйретіп көрген. Қазақтың төрт түлік малы да үйретілген жануарлар екені сөзсіз. Жылқының жабайы түрі - құлан болса, қойдың жабайы түрі - арқар, ал түйенікі - лама.

Қорғаушы қызметін атқаратын ит пен мысық та - көне дәуірлерден бері қолға үйретілген жабайы аңдар. Әсіресе, иттің адамзат үшін пайдасы көп болды. Әр иттің өз қызметі бар. Бірі мал бақса, бірі үй қорғады, қасқырды алды, енді бірі аңшылыққа барды. Әлемде аң аулайтын ит түрлері көп. Қазақтың құмай тазысы да осы тұқымға жатады.

Алайда мысық тектес аңдарды аңшылыққа салуға болады дегенді естігенсіз бе? Жолбарыс, арыстан, леопард, гепард, сілеусін, барыс, ягуар, ілбіс, қарақал, пума сынды мысық тектестердің ішінде гепард қана қолға тез үйретін көрінеді. Гепард табиғатынан мейірбан, салқынқанды, қайырымды, ерке келеді. Адамға тез бауыр басады.

Сондықтан Таяу Шығыс пен Араб-парсы түбегінде өмір сүрген бұрынғы қауымдар гепардты қолға үйретіп, сән-салтанат құратын болған. Оның үстіне, гепард жүйрік әрі ақылды аң болғандықтан, оны аң аулауға пайдаланған. Гепардтың жылдамдығы сағатына 110 шақырымға дейін жетеді.

Гепардтың дене тұрпаты жүйрік көлік десек болады. Қуған аңын қайда бұрылса да қағып түсірер ебі мен жемтігіне қас-қағымда жетіп барар жыртқыштығы кімді болса таңқалары сөзсіз. Жануарды жайратып салып, иесін күтіп отырған болған.

Көне египет, шумер мен вавилон суреттерінде бай-бағландардың мысық тектес жануарды қолға ұстап, кербез жүріспен кетіп бара жатқан бейнелері көп кездеседі. Соған қарағанда гепардты қолға үйрету байлық пен бақ-дәулеттің көрінісі болса керек. Араб шейхтары гепардты король билігі мен асқан бақуаттың белгісі ретінде әлі күнге дейін ұстайды.

Ал гепардпен аң аулау туралы деректер VII ғасырдан бастап кездеседі. Қазіргі Йемен елі орналасқан аумақта гепард асырап, оны аң аулауға үйрететін шеберлер болған. Алдымен гепардты қолға үйретіп, кейін ет не жемтік лақтыру, кейде ақбөкен сынды жануарды байлап қойып, соған жіберу арқылы аң аулауға баулыған. Тіпті, гепардты атқа мінуге де үйреткен көрінеді. Атқа мініп, иесінің артында отыратын болған. Мұны қытай, үнді жазбаларындағы суреттерден көруге болады. Қытай мен үнді саудагерлері арабтардан гепарт пен қарақалды сатып алып, өздері де аң аулауға пайдаланған екен.

Қ. Слямбек