Клеопатра балаларының тағдыры туралы білесіз бе?

Клеопатра балаларының тағдыры туралы білесіз бе?
Фото: hotgeo.ru

Клеопатраның өмірі мен қиын тағдыры көптеген шығармаға арқау болды. Клеопатра бейнесі Ульям Шекспир мен Бернард Шоудың драмасында және Рубенс, Дж.Тьеполо сияқты суретшілердің шығармашылығында көрініс тапты. Заман дамып өнер әлеміне кино қосылғасын ол туралы бірнеше фильм де түсірілді. 

Бірақ, ескеретін бір жайт, Клеопатра туралы шығармалардың барлығында оның өмірі мен қайғылы жағдайда у ішіп қаза болғаны айтылады. Ал оның балалары туралы сөз болмайды. Біз Македонияның соңғы ханшайымы  3 ұл мен 1 қыз перзент сүйгенін білеміз. Назарыңызға Клеопатра қаза болғасын олардың өмірінде не өзгерістер болғаны жайлы аз-кем дерек ұсынамыз.

1. Птолемей XV

Ол кездегі Римнің ресми құжаттарында, тіпті Цезарьдың жеке өсиетінде де бұл туралы айтылмаса да, оның әкесі Гай Юлий Цезарь болған. Зерттеушілер жас тақ мұрагерінің сырт келбеті ұлы қолбасшысы Цезарьға ұқсайтынын айтады. Цезарь оны өз баласы деп таныған деген деректер де бар. 

Тарихшылар оның туған күні туралы да бір келісімге әлі келе алмай келеді: кейбіреулері Птолемей ХV-ті б.э.д. 47 жылы туған десе, басқалары мұрагер Цезарь қайтыс болғаннан кейін 44 жылы туған деп болжайды. Рим төңкерісі мен Цезарь қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай Клеопатра мен оның баласы Мысырға оралды. Көп өтпей Птолемей XV Мысыр тағының мұрагері болып жарияланды.

Қыш тақталарда жас патшаны Клеопатра өзінің регенті деп сипаттайтын  сызбалар да бар.

Алайда ол Мысырдың билеушісі бола алмады. Тақ көп ұзамай уысынан шығып кететінін түсінген Клеопатра тұңғыш ұлын қорғау мақсатында  Александриядан аулаққа қашырып, ұлының шекарадан өтіп, аман қалатынына үміттенді. Бірақ өкінішке орай қашу жоспары іске аспады. Жас жігітті таққа бақталас болады деген сол кездегі  мысыр және Рим императоры Октавиан Август ұстап алып көзін жойған.

Рим императоры Клеопатраның тек тұңғышын ғана өлтіріп басқа балаларына тиіспеуінің өзі оның әкесі Гай Юлий Цезарь екенін дәлелдейді.

2. Александр Гелиос

Мысырға қайтып оралған Клеопатра елдегі қиын жағдайға тап келеді. Бір жағынан ашаршылық пен құрғақшылық халықтың наразылығын өсірсе,  екінші жағынан елді Цезарьдің дұшпандары билеп отырды.

Осы жағдайдарды ескерген Клеопатра Марк Антониймен жақындасып, оның Октавианға қарсы соғысына қаржылай көмектесіп, қарсы күресін қызу қолдайды.

40 жастағы Марк Антоний 28 жастағы жас патшайымды жақсы көрді. Осы 10 жылға созылған махаббат хикаясының нәтижесінде Клеопатра б.з.д 40 жылы Антонийдан егіз ұл мен қыз туды: ұлдың атын Гелиос (Күн), қыздың атын Селена (Ай) деп қойды. Б.з.д. 36 жылы Антонийдан үшінші бала – Птолемей Филадельф атты ұл тапты.

Гелиос пен Селена

Анасы өлгенде егіздер 10 жасқа да толмаған бала еді. Александрия жаулап алынған кезде Октавиан Август Гелиосты да тұтқынға алады. Римдегі триумф кезінде маңызды олжа ретінде халыққа көрсетеді. Кейін оны әкесінің туыстарына тәрбие алу үшін жіберген, бірақ ол жақтанда пана таба алмаған Гелиос көп өтпей қайтыс болады. 

3. Клеопатра Селена 

Клеопатраның басқа балаларына қарағанда қызы Селена ұзақ һәм бақытты өмір сүрді. Римдегі триумф кезінде оны да егіз ағасымен бірге маңызды олжа ретінде көрсеткен. Кейін туыстарының қамқорлығына өткен қыздың жолы болды. Ол Мавритания патшасына тұрмысқа шығып, Римді аман-есен тәрк еткен.

Юба II Рим қол-астындағы Мавританияны басқарса да, елдің шекарасы тәж бен әскери төңкеріс үшін таласатын Римнен алыста еді. Ханшайым Селена Юба ІІ-ге Птолемей есімді ұл сыйлап, 45 жасында өмірден өткен. 

Клеопатраның немересі Мысыр империясы соңғы билеушілерінің бірі ретінде Мысыр патшасы деп аталған.

4. Птолемей Филадельф 

Клеопатраның кенже ұлы ағасы Гелиостың тағдырын қайталаған. Оны да ағасы мен әпкесі сияқты триумф кезінде Рим көшелерінде шынжырмен байлап алып өткен. Сол уақытта алты жастағы бала кейіннен туыстарының қамқорлығына берілген. Бірақ ержетпей қайтыс болған.

Т. Раушанұлы