Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар Испания астанасы Мадрид қаласында өтіп жатқан климат бойынша саммитте бас қосты. Күн тәртібінде - жаһандық жылынудың алдын алу.
Дүниежүзілік метерологиялық ұйымының деректеріне қарағанда, 2019 жыл - Жердегі ауа температурасын бақылау қолға алынғалы бері ең ыстығы болды. Ал 2015-2019 жылдар ең ыстық бесжылдық аталмақ. Бұл атмосфераға парниктік газдың ұдайы жинақталуының салдары.
Биылғы жылдың орташа ауа температурасы көрсеткіші 1850 жылға қарағанда 1,1°C жоғары болған. Оңтүстік Америка, Еуропа, Африка мен Азия және Мұхит елдерінде шамадан тыс ыстық ауа-райы тіркелген. Ал Солтүстік Америкада керісінше біршама суық болған.
2019 жылдың шілде айының алғашқы күндері ЕҒА бақылау жүргізген уақыттан бері ең жоғарғы орташа температураны көрсеткен. Биылғы ыстық ауа-райы 2016 жылы шілде айында тіркелген рекорды жаңартқаны белгілі болды. Арада екі жыл өткенде температура шамамен 0,56℃ градусқа көтерілген. Бұл адам баласы атмосфераға парниктік газдар шығармай тұрғандағы көрсеткіштен 1,2 градусқа жоғары.
Зерттеушілер солтүстік жары шардағы метеостанциялардың дерегін пайдалана отырып, соңғы 40 жылдың анализін жасаған. Жылу толқындары маусым және шілде айларында Еуропада бірнеше жергілік және ұлттық рекордтарды орнатты. Атап айтқанда, Францияда ауа температурасы 46°C дейін көтерілсе, Ұлыбритания, Бельгия, Германия, Люксембург және Нидерландта бұрын-соңды болмаған аптап ыстық туралы мәлімдеді. Сондай-ақ биыл АҚШ-та бақылау жүргізіп келе жатқан уақыттан бері 30 рекордтың жаңарғаны белгілі болды. Ал ауа температурасы 10 рекорд орнатқан Жапонияда аптап ыстықтан 11 адам қайтыс болған.
Өткен жылы болса атмосферадағы көмірқышқыл газы (СО2), метан мен оксид азотының мөлшері ең жоғары көрсеткішке жеткен. Дүниежүзілік метерологиялық ұйымының дерегіне сәйкес, соңғы он жылдықта байқалған жаһандық жылыну қоршаған ортаға әсерін тигізіп жатқаны анық. Екі полюсте де мұздықтар еріп, мұхит деңгейі тез көтеріле бастаған.
Атмосфераға шығарылатын парниктік газдың басым бөлігі мұхиттарға бет алады. Нәтижесінде мұхит пен теңіз суы қышқылданып, температурасы көтерілген.