Шамбала құпиясы: Гитлер жіберген экспедиция жер кіндігін тапты ма?

Шамбала құпиясы: Гитлер жіберген экспедиция жер кіндігін тапты ма?
Фото: pinterest.com

Осы жер «кіндігі» туралы Германия, Англия және АҚШ кезіндегі үшінші Рейхқа байланысты кейбір құпия құжаттардың сырын ашуды кейінге қалдырды. Дұрысы 2044 жылға дейін.

Неге?

Тіпті кейбір құжаттардың құпиясын ашу ол мерзімнен де кейінге шегерілді. Соның ішінде негізгісі, СС бөлімінің бес офицерінің, яғни оберштурмфюрер Генрих Харрер бастаған топтың Тибетке құпия сапары. Гитлердің арнайы тапсырмасымен келген олар Тибеттегі кез келгеннің табаны тие бермейтін, шытырман оқиғасы мол, ғажайып тау, Кайластан жер «кіндігін» тауып қайту еді.
Жер «кіндігін» табу, бүкіл әлемге жеке дара қожалық ету деген сөз. Жер «кіндігін» табу, уақытты кері айналдыра отырып, өзіңе ұнаған жолмен жүру деген сөз. Сондықтан Үшінші Рейх қалай да құдіретті тылсым күшіне ие Шамбаланы іздестіруді алға мақсат етті. Себеп әрине, көп.
Соның біріншісі, кез-келген саналы тіршілік иесі «мәңгілік өмір» іздейтіні белгілі. Ол үшін адамға жайлы жұмақ өлке қажет-ақ.

Ол қайда?

Үшінші Рейх басшыларының алдында осындай «жұмақта» өмір сүрсек деген қияли арман тұрды. Екінші бір себеп, дәл сол тұста, яғни, 1942 жылы Сталинград түбінде неміс әскерлері қоршауға алынды, оның үстіне Африка жерінде тұрған армиясы талқандалды. Осының бәрін безбенге салған Гимлер Гитлермен жедел кездесіп, оңаша алты сағат сөйлесті. Гимлердің қолында 2000 беттік құпия құжаттар (бұл құжаттардың кейбірі 1990 жылы кездейсоқ ашылды) болды. Фашистік Германияның Ішкі істер басқармасының және СС арнаулы жасақтың басшысы Гимлер Гитлермен алты сағат не жөнінде сөйлесті? Қазір басы ашылып, белгілі болған кейбір құжаттардағы деректерге назар аударсақ, әңгіме ауаны жедел түрде Тибетке ғалымдар мен альпинистерден тұратын экспедиция аттандыру жөнінде болған.

Олардың міндеті құпия үңгір Шамбаланы іздестіру еді. Гимлердің бұл жерде алға қойған мақсаты Шамбаланы, яғни, жер «кіндігін» таба отырып, уақытты артқа бұрап, Германия үшін ең қолайлы 1939 жылға кері қайту болатын. Осы жылдан 1942 жылға дейін жіберген қателіктерді түзетіп, соғыста қалай да жеңіп шығудың жолын қарастыру еді. Құпия деректер осылай дейді.

Тибетке сапар жасау жобасы үшін құпия сызбалары мол, арнайы карта да даяр тұрған. Оны да осы Үшінші Рейхтің 1938 жылы Тибетке сапарлап барып қайтқан құпия экспедициясы жасап келген еді. Осы жерде бір айта кетер жайт, сол экспедицияның Тибетке жасаған сапары жөнінде түсірілген өте құпия деректі фильмдер Берлинді Кеңес әскері басып алған кезде қолға түскен.

Өкінішке қарай, осы фильмдермен бірге Шамбалаға баратын жол, жер «кіндігнің» сызбалары барлығы снаряд түсіп талқандалып, өртеніп кеткен-мыс. Әрине, «немістердің айдаладағы Тибетте несі бар, мұның бәрі кейіннен ойлап-табылған қиял-ғажайып әңгіме емес пе?», деген заңды сұрақ тууы да мүмкін.

Бір қызығы, 1945 жылы жартылай бомба түсіп бұзылған Рейх кеңсесінің жертөлесінен НКВД-ның офицерлері өліп жатқан тибет ламасының денесін кездестірген. Осының өзі-ақ Үшінші Рейхтің Тибетке сапар жасау мәселесі шындық екенін танытары хақ. Сонымен, немістердің Тибетке жасаған сапарына келейік. 1943 жылдың қаңтарында австралиялық кәсіпқой альпинист Генрих Харрер және Гимлердің сенімді өкілі Петер Ауфшнайтер бастаған бес адам өте құпия түрде Тибетке аттанды.

Бұл жөнінде Үшінші Рейхтің санаулы басшылары ғана хабардар еді. Алайда мамыр айында Үндістанды отарлап отырған британдықтар оларды сол жерде ұстап, қамауға алды. Дегенмен кім көмектескені белгісіз, бұл бесеуі түрмеден қашып шығып, жер кіндігі Шамбаланы іздеуге ит тұмсығы өтпес жыныс орманды көктей өтіп, адам шығуы мүмкін емес қия беткей, шың-құздарды басып өтіп Шамбалаға бет алды. Бұдан әрі сапардың барысы қалай болды, әлі күнге белгісіз. Олар жеті жыл Шамбаланы іздеп, адасып жүрді. Әртүрлі жағдайда бірге жүрген серіктері өліп, тек Генрих пен Петер ғана аман қалған. Бұлар адасып жүріп бір үнділікке кез болады. Содан соғыстың біткенін, немістердің жеңіліс тапқанын естиді.

Тибетте жеті жыл тентіреген немістер Шамбаланы тапты ма, жоқ па? Осы экспедицияның өмірін зерттеген кейбір тарихшылар «олар Шамбаланы тапты. Бірақ жер «кіндігін» қалай бұраудың жолын білмеді» деген дау айтады.


Кім білсін?

Тибеттік ламалардың сөзіне сенсек, Шамбаланы тапқан жан әлемдік уақытты басқарғанымен қатар, ерекше тылсым күшке де ие болатын көрінеді. Ғажайып күйге енген адамның бойына өлмейтін күш дарымақ. Осының бәрін тибет ламаларынан естіп-білген Гимлер Шабала табыла қалған жағдайда сол жерге мыңдаған арнаулы жасақ аттандырып, «өлмейтіндердің» легионын жасақтамақ болған. Егер де солай бола қалған жағдайда Екінші Дүниежүзілік соғыстың қорытындысы өзгеше болып, тарих басқа бағытқа бет алар ма еді?

Сонымен, 1943 жылы Тибетке аттанған топтың соңғы тұяғы Харрер ұзақ уақыт Далай ламаның сарайында оның баласын ағылшын тіліне үйретіп, тек 1951 жылы өз елі Австрияға оралды. Жай оралған жоқ, «мәңгілік жұмақ» мекен, Шамбала жөнінде көптеген деректер ала келді.

Бірақ ол деректерді бірден британдықтар тәркілеп алып, құпия мұрағатқа аттандырды. Дегенмен араға біраз уақыт салып альпинист «Жеті жыл Тибетте» деген мемуар кітабын жарыққа шығарды. Кейіннен осы кітаптағы оқиғаны бетке ала отырып Голливуд керемет кино түсірді.

Осы аралықта Гимлердің Тибетке экспедиция жіберуі жөніндегі кейбір деректердің беті ашылды. Бірақ ол кезде Харрер бұ дүниелік емес еді. Сол Харрерден тартып алынған деректер мен фильмдерді Британ үкіметі әлі құпия сақтауда. Онда Шамбалаға баратын жолдың сызбалары бар көрінеді. Осы тұста айта кететін тағы бір жайт, 1920 және 1924 жылдары Британ үкіметі де Тибеттен Шамбаланы іздеу үшін екі экспедиция аттандырған еді. Ол сапарды сол кездегі атақты профессорлар Лаффтер мен Кенсингтон басқарып барды.

Бірақ осы екі топтың да тағдыры белгісіз. Қайтып елге оралмаған. 1997 жылы Непалдағы буддистердің Капан монастырының Бас ламасы Би-би-си арнасына берген сұхбатында: «Әрине, жолы болған жан, Шамбалаға барып, жер кіндігін көруіне болады. Бірақ ол жерден кері оралатындар өте сирек» дегенді айтқан.

Жалпы, «Үшінші Рейх Шамбаланы қайдан білді» дегенге келсек, Гитлердің жақын досы Рудольф Гесс Мюнхен университетінің профессоры Карл Хаусхофердің шәкірті болған. Ал Хаусхофер ХХ ғасырдың басында Германияның жапон еліндегі әскери атташесі болған еді. Сонда жүріп Карл Хаусхофер Шығыстың «Жасыл айдаһар» атты ең құпия ұйымының мүшесі болып кірген. Тибет орталығы Лхасадағы монастрда арнайы дайындықтан өтеді. Бірінші дүниежүзілік соғыста Хаусхофер өзін жақсы қырынан көрсетіп, вермахтың генералы деңгейіне дейін өскен.

Оның маңайындағылар жас генералдың өте талантты, болжамы нақты шығатынына таң қалысқан. Ол мықты көріпкел еді. Артынан өзінің айтуы бойынша, бойындағы көріпкелдік, болжам жасаушылық қасиет монахтардың ортасында арнайы дайындықтан өткен соң пайда болған. Ал Үшінші рейх басшыларының Шығысқа деген қызығушылығына осы Хаусхофер үлкен әсер еткен. Оның Тибет жеріндегі керемет мекен жөніндегі әңгімесі Гимлер бастаған топты «жер кіндігін» іздеп табуға жұмылдырған. Шындығына келсек, фашистердің бүкіл мемлекеттік нышандары, соның ішіндегі свастикасы (мемлекеттік белгісі) Германияға Тибеттен келгені белгілі.

Оны да әкелген – Хаусхофер. 1904-1912 жылдары көне қолжазбаларды іздеп Лхасаға барған Хаусхофер болашақтағы неміс экспедицияларының бастамасы болғаны хақ.

Жалпы, Үшінші Рейх үшін тибеттіктердің рөлі үлкен болған. Неге дегенге келсек, деректер әлемді басқарудың «кілті» тибет жерінде болған деген айғақты алға тартады. Ал әлем қожасы атануға тырысқан Гитлер ол елдің тылсым күштерді игере алған құпия ұйымдарымен тығыз қатынас орнатқан. 1945 жылы Берлинге шабуыл кезінде кеңес әскерлері фашист өліктерінің арасынан мыңға тарта өлген үндігималай тұқымдас ұлттардың денелерін кездестірген. Олардың бәрі өз-өздерін өртеп шейіт болғандар. Күйіп кеткен олардың жанынан ешқандай құжат табылмаған.

Осының өзі-ақ Гитлер және оның айналасының тибеттіктермен жақсы қарым-қатынаста болғанын, олар білетін тылсым күштерді игеруге күш салғандықтарын көрсетеді. Әлемді басқарудың «кілті» болатын Шамбала шындық па, әлде алып қашпа әңгіме ме? Мұны «нақты» деп ешкім де айта алмайды, сол сықылды «жоқ» деп те оны ешкім өтірікке шығара алмайды. Өтірік болса, Британия, Германия, кезіндегі КСРО миллиондаған қаржы бөліп, ондаған экспедицияларды құпия түрде Тибетке аттандырмас еді. Барлығы да құдіреті күшті тылсымды игеріп, әлемді билеп тұруға ұмтылғаны шындық. Немістердің свастикасы секілді, кеңес елінің бес жұлдызды нышаны да сол Тибет жерінен келген. Бұлардың бәрі тибет ламаларының құрал-рәсімдері еді.

Жалпы, Шамбаланы іздеп аттанған ондаған экспедициялар оны тапты ма, жоқ па, белгісіз. Бәрі бүгінгі күні құпия. Шынтуайтында Тибет әлемдегі ең жұмбағы ашылмаған мекенге жатады. Ондағы бар құпия тылсымды бойына сақтаған Нам-цо көлі, Ярлунг Цангпо өзені, Кайлас тауы әлі сырын адамзатқа аша қойған жоқ.

Тіпті Кайлас тауынан жақында «тірі» және «өлі» су табылғаны жөніндегі сенсациялық дерек әлем баспасөзінің «нанына» айналғаны да белгілі. Тибет иогалары осы «257л» суды ішіп, өздерін біраз уақыт, не болмаса ондаған жылдарға «өлтіріп», сосын «тірі» суды ішіп қайтадан тірілетіні де таң қалмасқа болмайтын жайт. Бұл сулардың қасиеті адамдардың ағзасын жасарта алатын құдіретке де ие. Рак секілді ғасыр обаларының да бірден-бір емі көрінеді. Жалпы, Кайлас тауындағы құдіретті су жөніндегі әңгімемізді алдағы санда жалғастыратын боламыз.

Сонымен, әлемдік уақытты алға не кері жылжыта алатын жер «кіндігі» Шамбала бар ма, жоқ па? Гитлер жіберген адамдар оны әрине, тапқан. Бірақ, олардың өзі жұмбақ әлемнің тетіктерін меңгере алмаған деген болжам айтуға толық негіз бар.

Мұның ақиқатын алдағы уақыт көрсете жатар.

Дайындаған: Ұларбек Дәлейұлы
baq.kz/
 

Т. Раушанұлы