Ірі аспан денесі Жердің жанынан өтеді

Ірі аспан денесі Жердің жанынан өтеді

10 тамыз күні 2006 QQ23 астероиды сағатына 16740 шақырым жылдамдықпен Жерден 7 миллион шақырым қашықтықта өтеді. 

Астромониялық 0,049 бірлігін құрайтын қашықтық Жерден алыс болып көрінгенімен, ғалымдар астероидқа "жер төңірегіндегі нысан" деп баға берген. Оның үстіне Жерге ең жақын нүктесі 0,05 астрономиялық бірлікті құрайтын астероидты қауіпті деуге болады.

Аспан тасының диаметрі 570 метрді құрайды. Дегенмен NASA өкілдері астероидтан ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Жыл сайын 2006 QQ23 астероидына ұқсас орташа алты аспан денесі Жердің маңынан өтеді екен. Ал дәл қазіргі таңда Күн жүйесінде болашақта Жердің маңынан өтеді деген диаметрі 1 шақырымнан асатын 900-ге жуық аспан денесі бар. 

NASA-ның мәліметі бойынша, Жердің жанынан өтетін 2006 QQ23 астероиды болашақта біздің мекенге ешқандай қауіп тудырмайтын көрінеді.

Бұған дейін ғалымдар Жерге бет алған диаметрі төрт метр болатын астероидты соңғы сәтке дейін байқамаған болатын. Ауыр тас Жердің бетіне жетпей атмосферада толықтай жанып кеткен. Ірі астероидтың адам өміріне қауіп төндірмегеніне қарамастан астрономдардың назарынан тыс қалуы алаңдатып отыр. Мұндай жағдай соңғы 11 жылда төртінші рет қайталанды. Астероидты алғаш байқаған сәтте ол Айдың арғы бетінде, Жерден шамамен 500 мың шақырым қашықтықта болатын. Ғалымдар аспан денесінің жарылыс күші 6 мың тонна динамиттің жарылуына тең болды деп отыр.

Айта кетейік, 2013 жылы салмағы 10 мың тонна болатын 17 метрлік метеорит Қазақстан мен Ресейдің аумағындағы атмосферада жанып кеткен еді. Челябинск деп аталып кеткен бұл метеорит атмосферада Хиросимаға түскен атом бомбасынан екі есе қуатты жарылыс жасаған. 

Мамыр айында АҚШ астанасы Вашингтон қаласында өткен Planetary Defence конференциясына жиналған екі жүзден астам астроном мен инженер 2027 жылы Жер планетасын жойып жіберуі мүмкін 2019 PDC астероиды туралы пікір алмасқан болатын. 


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар