8 жыл қалды. Жерге 300 метрлік астероид жақындап келеді

8 жыл қалды. Жерге 300 метрлік астероид жақындап келеді
Фото: life.ru

2019 жылдың мамыр айында АҚШ астанасы Вашингтон қаласында өткен Planetary Defence конференциясына жиналған екі жүзден астам астроном мен инженер 2027 жылы Жер планетасын жойып жіберуі мүмкін 2019 PDC астероиды туралы сөз қозғады.

2019 жылдың наурызында астрономдар Жерден 57 миллион қашықта диаметрі 300 метр астероидты анықтаған. 2019 PDC астероидының мақсаты – Жер. Мерзімі – 2027 жылдың 29 сәуірі. Заманауи техника мұндай қауіпті астероидты Жерге жетпей тұрып 8 жыл бұрын анықтауға қауқарлы екен.

Адамзат өркениетіне сегіз жыл қалды. PDC астероидының алдын алу үшін не істей аламыз?

Барлау

Бірінші мақсат – барлау жұмыстары. Алдымен астероидқа мүмкін болғанша барынша жақындай алатын құрылғыны ұшырып, оның неден тұратыны, қозғалу барысын, мөлшерін зерттеу қажет. Мамандар мұндай құрылғыны 2021 жылы ұшыру мүмкін екенін болжаған.

Қозғалыс траекториясын өзгерту

2021 жылы 2019 PDC астероидының Жерге бағыт алғаны нақты белгілі болса, жағдайымыз қиын. Мамандардың айтуынша, астероидтың бағытын өзгерту үшін алты кинетикалық импактор қажет. Алайда бұл құрылғылар тек 2024 жылы аспанға бет алады. Оның үстіне көкке көтерілген алты құрылғының тек үшеуі ғана діттеген мақсатына жетуі мүмкін. Ал импактордың күші ірі деген тастың тең жартысын бұзып жаруға жетсе, қалғаны Жерге қарай бет алса не істейміз?

Болжам бойынша астероид АҚШ-тың шығыс бөлігіне түседі. Егер астероидтың кем дегенде 50-60 метрі Жерге құлайтын болса, арты үлкен апатқа әкеп соқтырады. Оның алдын алатын қазіргі таңда технология ойлап табылмаған. Тек сол аймақтағы тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіруге тура келеді.

29 сәуір – астероидтың Жерге құлайтын күні

Астероид Жердің атмосферасына сағатына 70 мың шақырым жылдамдықпен еніп, Нью-Йорктегі Орталық саябақтың үстінде 15 шақырым биіктікте жарылады. Қуаты Хиросимаға құлаған бомбадан мың есе күшті. Нью-Йорктің 15 шақырым болатын айналасы жер бетінен жойылады.

Міне, Planetary Defence конференциясында қарастырылған сценарий осындай. Оған қоса мынадай сұрақтар талқыланды:

– аз ғана уақыттың ішінде кем дегенде 10 миллион адамды қайда көшіруге болады?
– қауіпті аймақтағы химиялық зауыттар мен ядролық нысандарды қайтпек керек?
– мұражайдағы баға жетпейтін жәдігерлерді қалай құтқаруға болады?

Дегенмен бұған дейін де астромдар мұндай ірі астероидтарды бақылаған. 2004 жылы диаметрі 340 метр 99942 Apophis астероиды ашылды. NASA-ның мәлімдеуінше, ежелгі мысырдың жауыз құдайының құрметіне аталған аспан денесі 2029 жылы 13 сәуір күні Жерге 32 мың шақырым жақын ұшып өтеді. Басында Жерге соғылуы мүмкін деген Апофис астероидының Жерге құлау ықтималдығы – миллионнан бір. 340 метрлік Апофис ғалымдардың назарына алғаш рет 2004 жылы ілікті. Сол жылдардағы есептеулер бойынша, астероидтың жермен соқтығысу ықтималдығы 2,7 процентті құрап, аспан денесі ғаламшарымызға 2029 жылы жақындап келеді деп болжанған болатын. Дегенмен кейінірек ғалымдар пікірін өзгертіп, бұл уақытты 2036 жылға қарай ығыстырды. Ал қазір астероидтың Жерге соғылу ықтималдығын тіпті жоққа шығарылып отыр. Бұл болашақта астероидтарды терең зерттеуге таптырмас мүмкіндік.

Астероидтардың қозғалыс траекториясын өзгерту бағытында қазірдің өзінде жұмыстар атқарылып жатыр. Жаттығу ретінде 65803 Didymos деп аталған, диаметрі 165 метр астероид таңдалды. Ол 2022 жылы Жерден 11 миллион қашықта ұшып өткенде DART (Double Asteroid Redirection Test) ғарыш аппаратымен оның траекториясын өзгерту жоспарда бар.

А. Рысдәулет