- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Әлемдегі ең биік...
Әлемдегі ең биік ағаш қайда өседі?
Әлемдегі ең биік тропикалық ағаш Борнео аралындағы (Малайзия) орманда өседі. Бұл ағашты Ұлыбритания мен Малайзия елінің зерттеушілері бірер жыл бұрын тапқан. Олар ағаштың нақты биіктігі мен өзге де ерекшеліктерін зерттеу үшін 1 жылдай уақыт жұмсаған.
Shorea faguetiana ағашының биіктігі 100,8 метр екен. Егер ағаш жерге құласа, футбол алаңынан да үлкен аумақты алады. Зерттеушілер ағашқа Менара деген атау берген. "Мұнара" деген мағына береді.
Ағаштың салмағы - 81 500 кг (тамырын қоспағанда). Салмағының 95%-ын діңі құрайды. Ағаш тік өскен. Жайқалған ұшар басының ені - 40 метр.
Зерттеушілер есебі бойынша ағаштың негізгі салмақ орталығы 28-ші метрінде. Осының нәтижесінде ең биік ағаш өзінің қалпын сақтап тұр екен.
National Geographic ақпары бойынша, ағаштың өзіндік экожүйесі де бар. Себебі ағаш діңі мен бұтақтарында 1000-ға жуық жәндік түрлері тіршілік етеді. Сондай-ақ саңырауқұлақтар да өседі.
Айта кетейік, осыған дейін әлемдегі ең биік ағаш ретінде Тасманиядағы эвкалипт саналып келген. Оның биіктігі 99,6 метр болатын.
Н. Үсенова