- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Нұр-Сұлтан мен Вашингтон....
Нұр-Сұлтан мен Вашингтон. Несімен ұқсас?
Жер шарында ресми 195 мемлекет болса, олардың әрқайсысының астанасы бар. Ал әрбір бас қала бір-біріне ұқсамайтыны, әрқайсына тән ерекшелігі бар екені сөзсіз. Ендеше, әлем астаналарына байланысты қызықты мәліметтерді назарларыңызға ұсынамыз.
Әлемнің жас астанасы
Палау Республикасы 2006 жылы астанасын Корор қаласынан Нгерулмудқа ауыстырды. 1979 жылғы Конституцияға сәйкес Палау алдағы 10 жылда астанасын таңдауы қажет болған. Нгерулмуд астана ретінде 1986 жылы таңдалғанымен, тек араға 20 жыл салып ресми астана атанды.
Ал 1997 жылы Қазақстанның астанасы болған Нұр-Сұлтан қаласы бұл тізімде үшінші орынға жайғасқан. Екінші сатыда Мьянманың Нейпьидо (2005) қаласы.
Аударғанда - "астана"
Кәріс тілінен аударған Сеул "астана" деген мағына береді. Ал Бейжің қытайша "солтүстік астананы" білдіреді. Сондай-ақ, күншығыс елінің бас ордасы Токио жергілікті тілде "шығыс астана" дегенді білдіреді. 1998 жылы Астана атауын алған біздің елордамыз да осы тізімде болатын.
Мемлекет пен астананың атауы бірдей
Әлемде 9 мемлекеттің астанасы елдің атауымен бірдей. Атап айтқанда: Гватемала, Панама, Сан-Марино, Люксембург, Андорра, Монако, Алжир, Тунис, Сан-Tоме.
Жаңадан іргетасы қаланған астаналар
Әдетте, мемлекет астана таңдарда оның тарихына, орналасқан жеріне, халық санына қарап таңдайтын. Алайда барлық кезде оның тарихына қарай бермейді. Мысалы, Аустралия, Түркия, Бразилия, Израиль және Қазақстанның астанасы жаңадан тұрғызылған.
Екі қаланың қосындысынан пайда болған астана
Венгрияның астанасы Будапешт қаласын Дунай өзені қақ жарып тұр. Бұл өзеннің екі жағында Буда және Пешт қалалары орналасқан. Сондай-ақ, Кипрдің астанасы Никосия қаласының аумағы екі елде, атап айтқанда Кипр Республикасы мен Солтүстік Кипр Түрік Республикасының территориясында орналасқан.
Әлемдегі ең кішкентай астана
Мале - әлемдегі аумағы жағынан ең кішкентай астана саналады. Мальдив Республикасының бас қаласы 2 шаршы шақырымға сыйып кетеді. Астананың бүкіл аумағы бір аралда орналасқан.
Екі астанасы бар мемлекет
Танзанияның екі астанасы бар. Тарихы тереңде жатқан Дар-эс-Салам қаласы әкімшілік орталық болса, заң шығарушы Додома қаласы.
Халық ең көп шоғырланған астана
Халық ең көп шоғырланған қала - Токио. "Күншығыс" елінің астанасында қазіргі таңда 37 миллионнан астам тұрғын тұрады. Ал Қытайдың Гуанчжоу қаласында 25,8 миллион адам өмір сүреді екен. Үштікке Индонезияның астанасы да енді. Джакартада 25,3 млн адам күн кешеді.
Бірінші президентінің құрметіне аталған астаналар
АҚШ-тың астанасы Вашингтонның іргетасы 1791 қаланып, мемлекеттің бірінші президенті Джордж Вашингтонның құрметіне аталған. Ал жуырда ғана Астана қаласының атауы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.
* Білімізді сынап көргіңіз келсе, тесттен өтіңіз
А. Рысдәулет