Альбинизм және меланизм туралы не білеміз?

Альбинизм және меланизм туралы не білеміз?
Фото: today.com

Ақ пен қара - жақсылық пен жамандықтың нышаны секілді. Ақ – қайырымдылық пен пәктіктің белгісі болса, қара – ең сиқырлы түс болып есептеледі.

Ғылымда "альбинизм" және "меланизм" деген ұғымдар бар. Альбиностарда меланин пигменті мүлдем жоқ болса, меланистерде қара түс ашық түстерде қарағанда басым. Дегенмен бұл екі ұғымның арасында да айырмашылық бар. Альбинизм адамдар мен қатар жануарлар арасында кездессе, меланизм тек хайуанаттарға тиесілі. 

Альбиностар мен меланистер - жұмбақ, әдемі, таңғажайып жаратылыс иелері. Олардың өте сирек екенін есепке алсақ, бұларды нағыз табиғат ғажабы десе болады. Ақ түсті жануарлар табиғатта сирек болса да кездеседі. Оларды тану қиынға соқпайды: ақ шаш, бозарған ақ тері, мөлдір кірпіктер. Адамның не жануардың альбинос болып жаралуын ғалымдар түрліше түсіндіреді.

Кейбіреулері бұны гендік кодтың мутациясы, басқалары ауру деп ұғынады. Жануарлар әлемінде албинос болған қауіпті. Аппақ жануарды жыртқыштар бірден байқап, ас қылады. Ал аңшы альбиностар жасырына алмағандықтан, тағамсыз қалады. Ғалымдардың зерттеуінше, альбинизм меланин синтезіне қажетті тирозиназ ферментінің жоқтығынан пайда болады. 

Ал меланизм альбинизмге қарағанда жануарлар арасында кең тараған. Әсіресе үлкен мысықтарда көп кездеседі. Меланзим көбінесе қара бабыр, теңбілшер, қабылан және пумаға тән. Ғалымдардың айтуынша, қара мысықтардың жүйке жүйесі қарапайым түрлерге қарағанда жақсы дамыған болады.

Жануардың қара түсті болып туылуы меланин пигменттеріне байланысты. Олардың пайда болуы тұқым қуалаушылық қасиеттердің өзгеруімен түсіндіріледі. Меланизм қасиетін мутациямен де түсіндірсе болады, алайда ұрпақтың қара болып пайда болуы жүктілік кезіндегі жағдайлар мен гендердің сәл бұрмалануына әкелетін басқа да жайттардан болуы мүмкін.

А. Рысдәулет