- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Әлемді өзгерткен 5...
Әлемді өзгерткен 5 жарнама науқаны
Бүгінгі жарнама деген не? Империализмнің қолшоқпары ма әлде қоғамдағы өзгерістердің агенті ме? Тауарларды мадақтайтын науқан әлде жасампаз мәдени феномен? Бүгін назарыңызға қоғамдық мәселелерге назар аударта отырып жасалған 5 айтулы жарнама науқанын ұсынамыз.
Dove: Real Beauty
Dove коcметика бренді 2003 жылы зерттеу жүргізіп, әлемдегі әйелдердің 2%-і ғана өзін әдемі санайды деген қорытынды жасайды. Мұндай көрсеткішке журнал мұқабасындағы өңделген сұлулық, идеал салмақ туралы сандырақ, нәсілдік дискриминация сынды факторлар себеп болуы мүмкін. Компанияның консерватив көзқарасы бұған қарсы тұрады. Содан бері Dove тек шынайы сұлулықты дәріптейтін бірнеше жарнама науқанын шығарды. Өйткені компания сұлулықтың шегі, жасы, пішіні, ұлты жоқ деген позиция ұстанады.
2015 жылы компания Dove: Real Beauty ("Шынайы сұлулық") науқанын бастады. Соның ең таңдаулысы – "Көгершін сұлуларды таңдайды. Әлем әйелдері таңдау жасайды" видеосы. Шынайы сұлулықты насихаттап, әйелдердің өзіне деген сенімін оятқаны үшін, компанияның жарнама науқаны XXI ғасырдағы ең үздік науқан деп танылды.
P&G: The Talk
Әлемде нәсілдік сегрегациядан зардап шеккен, егде адамдар әлі де бар. Жарты ғасыр бұрын олар нәсіліне бола қоғамнан шеттетілді. Ал бүгінде сол дискриминацияның лебі олардың ұрпағына жетті.
Қазір көп ата-ана расизмге қарсы тұруға, осы тақырыпта баласымен әңгіме айтуға мәжбүр. Өйткені қоғамдағы жағдай соған итермелейді.
Procter & Gamble "әңгіме жайлы әңгіме" қозғап, ата-аналардың нәсілдік кемсітуге балаларының дайын болуын, қарсы тұруын үйретуі асылында қоғамда болмауы тиіс дүние деп үндейді.
Видео "Cannes Lions" фестивалінің Film категориясында гран-приге ие болып, көрерменнің жарнамаға деген эмпатиясын арттыра түсті.
Momondo: DNA Journey
Momondo – авиабилеттерді салыстыратын, туристік мета-іздеу жүйесі.
ДНК-тестілеу сервисімен бірге Momondo әлеуметтік тәжірибе жасады: кездейсоқ 67 ксенофоб адам өз шежіресімен танысады. Мысалы Германияны жек көретін британиялық Джей, өзінің 5% неміс екенін анықтайды. Ал 67 адамның екеуі тіпті алыс туысқан болып шығады.
Компания ролик арқылы адамзатты бір болуға, адамдарды ұлтына бола жек көруден арылуға шақырады, ксенофобияға қарсы тұрады.
Colgate: Every Drop Counts
Сіз тіс тазалап тұрғанда шүмектен аққан су он литрлік шелекті толтырып тастайды. Ал бір жыл бойы ысырап қылған суды жинаса, үлкен бассейнді толтырып тастауға болады екен. Әлемнің бір жағында осылайша судың қадірі жоғала бастаса, екінші бір жақта адамдар бір жұтым су ішуге жарымай отыр.
Colgate бұл мәселеге назар аударып, 60 секундтық жарнама ролигін түсірді. Видеода мынадай үндеу бар: "Бұл (тіс тазалап тұрғанда шүмектен аққан су) әлемдегі біршама адамның апталық су қорынан да көп", "Өтініш, суды өшіріп қойыңыз".
Coca-Cola: Bringing India & Pakistan Together
Британия боданы болған Үндістан индуистік Үндістанға, Пәкістанға, Бангладеш пен Шри-Ланкаға бөлініп кетті. Содан бері Пәкістан мен Үндістан арасындағы жанжал саябырсыған емес. Екі ел бір-бірін ядролық соғыспен қорқытып, түрлі қақтығыстарға ұшырасып жатты. Саясаткерлердің түрлі шарасы мардымсыз болып жатқанда, іске жарнамашылар көшті. 2013 жылы Coca-Cola ең ірі шиеленіскен геосаяси дауға кіріседі.
Coca-Cola 2 интерактив автомат орнатады. Бірі Пәкістандағы Лахорда, бірі Үндістандағы Нью-Делиде орналасқан. Араларын жүздеген шақырым бөліп тұрған идеологиялық қарсыластардың бір-бірін көріп, алақандарын тигізіп және арғы беттегі адамға бір құты Coca-Cola сыйлауға мүмкіндігі болды. Науқан кезінде екі ел адамдары бір-біріне 10 000 құты Coca-Cola сыйлаған екен.
Аяқ-астынан біреуге мейірім көрсету – Coca-Cola-ның сүйікті ісі. Бренд бір апта болса да екі елдің адамдарын біріктіруге қауқары бар екенін көрсетті.
Massaget.kz