Адам эволюциясы: Жазылмаған 4 сценарий

Адам эволюциясы: Жазылмаған 4 сценарий
Фото: popmech.ru

Өткен шақта адам баласының қалай құбылғанына мән бере отырып, болашаққа да болжамдар жасауға болады. Антрополог Станислав Дробышевский «Адамзаттың биологиялық болашағы» (Биологическое будущее человека) атты лекциясында адам баласының бұдан әрі даму үрдісі қалай іске асатынына бірнеше мысал келтірді.


Станислав ДробышевскийСтанислав Дробышевский


1. «Жылулық» сценарийі: арық және бұйра шаштылар
Жаһандық жылыну үрдісі жүріп жатқаны бәрімізге белгілі. Бірақ, дәл осы үрдіс адам баласының сансыз күресіне қарамастан жеңіп шықса, болашақта адам келбеті қалайша өзгермек?

Тропиктік аймақта өмір сүретіндердің басым бөлігі – өте арық. Оны ғылымда: пішін шарға жақындаған сайын жылуды соғұрлым ұзық сақтайтындығымен түсіндіреді. Ыстық ауа-райына бейімделу үшін адамдардың дене пішіні «таяқ» тәріздес (өте арық) әрі ұзын болады.

Станиславтың ойынша, егер жаһандық жылыну үрдісі жылдамдай бастаса адамдардың арасындағы «семіздік» дертімен күрес те аяқталады. Зат алмасу үрдісі баяулайды: адам денесі, бұлшық еттері, тіпті, миы жылуды сыртқа бөле бастайды.

Мидың кеуіп кету (сусыздануы) қаупі жоғарылайтындықтан, адамның сыртқы келбеті де өзгеріске ұшырайды: жылуды денеге жеткізу үшін мұрын үлкейеді, ерін қалыңдайды (қалың ерінде судың булануы жақсы жүреді), сәйкесінше, ауыз  қуысы үлкейеді.

Бастың пішіні де өзгеруі мүмкін: ұзынша келген әрі тар сүйекке қарағанда, енді сүйектің қызып кету мүмкіндігі жоғары екені тәжірибеде дәлелденген. Одан бөлек, шашың бұйралануы да шартты: бұйра шаш – ыстықтан қорғайтын басты белгі.

2. «Суық» сценарий: май, бұлшық ет
Мұздақтар дәуірі, жаһандық жылыну, қайтадан мұздақтар дәуірі... Бұлар ылғи алма-кезек ғаламшарда орын алып отырған. Дәл қазір біз жылынудың нағыз шыңында өмір сүріп жатырмыз. Мұзды дәуірдің болмағанына 10 мың жылға жуық уақыт өткен. Ал, оған дейін 100 мың жылда 100 мұзды дәуір орын алған.  Ғалымдар осындай үздіксіз жылу дәуірі алғаш болып жатқанын айтады. Сондықтан, жақын болашақта мұз дәуірінің кенеттен туу қаупі көбірек. 

Арктика тұрғындары, тіпті Норвегия тұрғындары салқын, ызғарлы ауа-райында өмір сүруге бейімделген. Мысалы, олардың денесінің пропорциялары көбірек квадрат тәрізді: атап өткеніміздей шарға жақындаған сайын, дененің жылу сақтау мүмкіндігі артады. Денеде жылу бөліну үшін олардың зат алмасу жылдамдығы жоғары. Арктиканың заманауи тұрғыны бір күнде 3 килограм майды тұтына алады. Соған қарамастан, олар холестериннің артуы секілді мәселелерге тап болған емес. Олардың денесіндегі ферменттер майды лезде жылуға айналдырады.

Сонымен қатар, олар бұлшық етті болып келеді. Станиславтың болжамына сүйенсек, болашақта «суық» сценарий кейіпкерлерінің толық не арық болуы олардың өмір сүру дағдысымен байланысты.

3. «Жабайы» сценарийі: күшті және ақылды
Адам баласының табиғатпен қарым-қатынасы өзгерді: аңшылық, жаппай қыру, өнеркәсіпті дамыту идеясы ауаның ластануына алып келді. Қазір жылу, газ бен су тазалау әдісінің кеңінен қолданылуы мен антибиотиктердің арқасында барлық адам өмір сүре алады. Тіпті, айықпас дертке шалдыққандардың да ғұмыры бұрынғыдан ұзағырақ. Дегенмен, өркендеу үрдісі аяқталып, табиғи сұрыпталу басталса, тек шыдамды адамдар ғана аман қалады: аз энергияны керек ететін және тамақ талғамайтындар. Табиғи сұрыпталу нәтижесінда адам денсаулығы жақсара түседі, медицинаның дамуына шектеу қойылады. Жаңа Гвинея папуастары мен Амазон джунглиін мекендейтін үндістері арасында денсаулығы нашар, психикалық ауытқуға ұшыраған адамды кездестіру қиын. Өйткені, табиғи сұрыпталу барысында олар бала кезінде-ақ өмірден өтеді.

Қазір қоғамда ақылдыға да, ақымаққа да орын бар. Бірақ, өркениеттің жойылуы адамдардың ойлау жүйесін екі нұсқа бойынша жіктеуге алып келеді: егер бәрі сәтсіз аяқталса, адамдар қайтадан «маймыл» қалпына түсіп, ағаштан-ағашқа секіріп, қулық, тапқылық бойынша сұрыпталады немесе адамның ойлау жүйесі одан әрі дамып, жаңылықтар ашылады. Бірақ, біздің табиғи ресурсты асқан жылдамдықпен жұмсап жатқанымызға қарап, өркениеттің негізін қалайтын еш нәрсе қалмайды деген болжам жасауға да болады.

4. Мүмкін емес немесе өте шынайы сценарий:
Мүмкін болашақта адамдардың бәрі өнертапқыштар қатарына еніп, ешқашан сарқылмайтын қуат көзін қалайтын шығар.
Станислав мынандай екі нұсқа ұсынады: Бірінші (мүмкін емес): адамдардың барлығы шығармашылық бағытта жұмс істейді – өнер, ғылым, өнеркәсіп. Дегенмен, автор бұл нұсқаға сенбейтінін айтып, оны былайша түсіндіреді: егер қор мөлшері артса, адамзат оны өз орнымен қолданбайды. Адамдар «дамуға» ұмтылмайды: олар тыныш өмір сүруді қалайды. Ал, кез келген  даму – дағдарыстан шығу. Мысалы, мыңдаған жылдар бұрын мамонттарды аулады, олар таусылған соң бұғы, кейін ұсақ жанурларға көшті. Одан кейін барып, өсімдік түрлерін пайдалану арқылы тамақтануға болатынын ұқты. Оларды өсіруді, баптауды үйренді. Бұл – даму үрдісі.

Одан бөлек мынандай нұсқа бар: адамзат өздігінен жұмыс істейтін технологияны жасайды. Яғни, компьютер енді өзге компьютерді құрастырады, адам бұл үрдіске мүлдем қатыспайды. Біз соған қарай келе жатырмыз: жасанды зияткерлік сана. Бұл технология дамып, адам үшін барлық тірлікті жасайтын шақ келген кезде адамның жүйке жүйесінен бастап, барлық ағзасы өзгеріске ұшырайды.

Араға мың жыл салып, адамзаттың өмірін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Сіз қандай нұсқа ұсынар едіңіз?

Т. Есқали