Бүгін - халықараларық КВН күні

Бүгін - халықараларық КВН күні

2001 жылы қараша айының сегізінші жұлдызында Ресей және ТМД-ның бірнеше мемлекеттері алғаш рет Халықаралық КВН күнін атап өтті. Он жылдан астам уақыт бойы дәл осы күні әзіл мен қалжың өз патшалығын құруды жалғастырып келеді. Мерекенің авторы – халықаралық КВН одағының президенті - Александр Масляков.

Сегізінші қарашаны КВН күні деп белгілеудің өзіндік себептері бар. Өйткені, 1961 жылдың сегізінші қарашасында көңілділер мен тапқырлардың алғашқы ойыны теледидардан көрсетілген болатын. Ресей КВН-інің 50 жылдық тарихы болса, Қазақстанда КВН ойындарының көрсетіліп келе жатқандығына 10 жылдан астам уақыт болды. Қазір Қазақстан бойынша қазақ тілінде 200-ге жуық студенттік, 500-ден астам оқушылар КВН құрамалары бар екен. 2005 жылы «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігі құрылып, қазақша сатираға жаны құмар жастардың басы бірікті. Одақтың президенті – Есен Елеукен.

Бір қарағанда, көңіл көтеріп, күлкі сыйлайтын ойын секілді болып көрінгенімен, КВН - қоғамда болып жатқан өзгерістерді, жаңалықтарды халыққа әзіл-сықақ түрінде жеткізетін құрал. Сондықтан сапалы сатираның, КВН ойнаушы жастардың көбеюі көңіл қуантарлық жағдай.

Қазақ КВН-інің шашбауын көтеріп, оны дамытуда өз үлестерін қосып жүрген барлық әзілқой жастарымызды төл мерекелерімен құттықтаймыз!

Суреттер:holiday.onru.ru,teriskey.kz

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева