Ай тұтылуын қай жерден анық бақылауға болады?

Ай тұтылуын қай жерден анық бақылауға болады?
Фото: nahnews.org,
Ай тұтылуы – ең оңай байқалатын астрономиялық құбылыс саналады. Өйткені оны көру үшін ешқандай құрал қажет емес. Ал Күн тұтылуын міндетті түрде көзәйнекпен қарау керек. Бүгін Айдың тұтылуын Еуропа, Африка, Таяу Шығыс, Орталық Азия мен Аустралия жеріндегі елдердің халқы айқын көре алады. Тек Солтүстік Америкада өмір сүретін халықтар ғана бұл құбылысты байқай алмайды. Қазақстандықтар Айдың тұтылуын Астана уақытымен 23:13-тен бастап бақылай алады.

Айдың тұтылуын жақсырақ көру үшін қайда бару керек және өзіңізбен бірге қандай құралдар алу керек? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының маманынан осы сұрақтар төңірегінде сұхбат алды.
Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы мамандарының айтуынша, сағат 00:23-тен ай тұтылуы байқала бастайды, толық тұтылу уақыты – 01:30. Толық тұтылу 03:13-те аяқталып, ал жалпы, айдың тұтылуы 04:19-да тәмамдалады. Аспан денелерінің тұтылуы сирек кездесетін құбылыс, ал бүгінгі ай тұтылу осы ғасырдағы ең ұзақ құбылыс. Сарапшылардың пікірінше ай тұтылуын анық бақылау үшін тауға шыққан дұрыс. Себебі тауда ауа таза болып, аспан денелері анық көрінеді.
"Алматылықтар үшін Көкжайлау, Көктөбе, Шымбұлақ сияқты орындарға барған абзал. Таңдаған биігіңізде ағаштар айды жаппауына, көлік не ғимарат терезелерінен шағылысқан жарық кедергі келтірмеуіне мән беріңіз. Бұл тауға шығудың тағы бір себебі. Неғұрлым қараңғы болса, соғұрлым жақсы. Алайда қауіпсіздік қашан да бірінші орында болу керек. Тауға шығарда қауіпсіздік шараларын ұмытпаңыз", – деп ескертеді Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының қызметкері Александр Губерт.
Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының маманы "Ай тұтылуын бақылау көзге ешқандай да зиян емес екенін, бақылау кезінде кез келген үлкейтетін құрылғыларды, мысалы қарапайым театр дүрбісін де қолдануға болатынын" айтты. Егер сізде телескоп болса құба-құп. Телескоппен ай тұтылуын бақылау басқа құралдарға қарағанда айқын болады. 
 
Шілде айының соңында Ай тұтылуынан өзге, Марс та Жерге жақындайды. Батыстық басылымдар қызыл ғаламшарды да көпшілік анық болмаса да, барлай қараса байқай алады деп жазып жатыр.
Т. Раушанұлы