Қызыл ғаламшардағы су қоры

Қызыл ғаламшардағы су қоры
Фото: hi-news.ru

Еуропа ғарыш агенттігі Марстың "Прометей" деп аталатын аймағынан "Mars Express" аппараты арқылы түсірілген суреттерді жариялаған. Суреттерде бір кездері аққан өзеннің құрғап қалған орны анық көрініп тұр. Сақталып қалған өзен орнының ені 7 шақырым, тереңдігі 300 метр, ұзындығы 1500 шақырымнан тұрады.

2 миллард жыл бұрын Марста тұрақты ауа-райы, ылғалды табиғат, атмосфера болған. Сол кезде таулардағы мұздардың еруінен су  өзен болып аққан дейді ғалымдар. Бірақ “Reull Vallis” деп аталатын бұл өзен мүлде өзен емес, тауларға үлкен метеориттер құлап, мұз қабатын ерітіп жіберіп, соның салдарынан пайда болған күшті ағым болуы мүмкін.

Бірнеше жыл бұрын Хьюстонда (АҚШ, Техас штаты) өткен Ай ғаламшарына байланысты 39-конференцияда "Nasa" ғалымдары Марста үлкен көлемде су қоры бар екендігі туралы сенсациялық мәлімдеме жасаған болатын. "Mars Reconnaissance Orbiter" ғарыш аппаратына орнатылған "Sharad" радары көмегімен алынған мәліметтерде Қызыл ғаламшардың орта кеңдіктерінде жүз метрлі бірнеше мұз қабаты бар екендігі анықталған. Су болмаған жерде мұз болмайтыны кім-кімге де аян...

"Зерттелген геологик қабаттардағы су көлемі 50 пайыздан асатынына күмән жоқ", – деп сендірген еді сол кезде "Sharad" радары бойынша зерттеу тобының жетекшісі Джефф Полт.

"Марс бетінің үштен бірін құм басқан. Сол құмдардың түбінде бірнеше метрлі мұз қабаттары жатыр”, – деп Аризона штаты университетінің зерттеушісі Джошуа Бандфилд Джефф Полттың пікірін қуаттаған еді.

Ғалым "Жаз, күз, қыс және көктемде бұл аймақтар ыстық нұрларды түрліше шағылыстырады. Осыған байланысты мұз қабаты қай жерде жақын, қай жерде терең екендігін білсе болады", – деген пікірді алға тартады. Америкалық ғалымның бұл сөзін Еуропаның "Mars Express" автоматты станциясы жіберген суреттер дәлелдеп жатыр.

Марстың да өз Антарктикасы бар. Ғаламшардың оңтүстік бөлігіндегі мұз қабаты шамамен 4 шақырымға жетеді. Оның 90 пайызы мұздаған судан тұрады. Солтүстік бөліктегі мұз қабатының қалыңдығы да оңтүстіктен кем емес. Егер, бұл мұздар еритін болса, Қызыл ғаламшар бетін ондаған метр биіктікте су басу қаупі туындайды.

"Nasa" ғалымдары Марстағы ірі су қоры Күн жүйесіндегі ең үлкен көл деген қорытындыға келіп отыр. Марстағы ең ірі кратер бұрын он миллион куб шақырымдап сумен толы болған. Бұл кратер Қызыл ғаламшардың оңтүстік бөлігіндегі Эллада жазығында орналасқан.

Эллада жазығы ірі метеориттің планетаға соқтығысуынан пайда болған. Бұл метеорит емес, комета болуы да мүмкін. Кратер – Күн жүйесіндегі кратерлердің ең үлкені. Диаметрі – 2 мың шақырым, тереңдігі – 8 шақырымға жақын. Егер, ғалымдардың пікіріне сенетін болсақ, осы алып кратер өз ішіне бірнеше миллион куб суды сыйдырған.

Ғалымдар Қызыл ғаламшардың бұрынғы бетін заманауи компьютерлердің көмегімен қайта жасап шыққан. Онда айнала жап-жасыл, су, таулар да Жерге ұқсас.

Ал, қазір бәрі басқаша... Қызыл ғаламшарды қолайлы ауа-райы да, “марстықтар” да тастап кеткеніне миллиардтаған жыл болды.

Т. Раушанұлы