Әлемнің ең керемет әуежайлары

Әлемнің ең керемет әуежайлары

Шетел асып, ел көру, жер аралау - заманауи жастардың ең негізгі армандарының бірі десек те болады. Осы арманды жүзеге асыру барысында ұшақтың, әуежайдың көмегіне жүгінетініміз тағы бар. Бүгінге дейін өз еліңіздегі, өз қалаңыздағы әуежайларда болып көргендігіңізге сенімдіміз, ал әлем мойындаған әуежайларда болу көп армандардың бірі болып қала бермек. Көзбен көргендей болмаса да, сізді азырақ болсын таныстырып өту мақсатында әлемдегі теңдесі жоқ, ең керемет деген әуежайлар туралы баяндамақпыз.

Абдул-Азиз патшаның «Қажылық» («Хадж») әуежайы (Сауд Арабиясы)

Әуежайдың ерекшелігі – оның жылына алты апта ғана жұмыс жасайтындығында жатыр. «Неге? Осыншама үлкен әрі көрікті әуежайдың тым аз уақыт жұмыс жасайтындығы қалай?» дейсіз бе? Сауалыңыз орынды. Әуежай мұсылмандар қауымы Меккеге қажылық жасауға сапар шегетін мезгілде ғана өз қызметіне кіріседі. Басқа уақыттары әуежай іші бос тұратындығымен, қажылық уақытында мұнда келетін халық санында шек болмайды.

Сондай-ақ, мұнда әйнек талшығынан жасалған 210 ақ шатыр бар. Осы шатырлардың арқасында аңызақ далада орналасқан терминал іші ешқандай кондиционердің көмегінсіз салқын болып тұрады. «Хадж» әуежайы Америкалық сәулет институтының арнайы марапатына ие болған.

Испаниядағы Бильбао әуежайы

Испаниядағы ең үлкен әуежай терминалының жобасын атақты сәулетші Сантьяго Калатрав жасаған. Frommer’s жолкөрсеткіші шабылған қисық бұрыштар кейпінде тұрғызылған ғимаратқа "әуежайдың ең көрікті бұрыштарының бірі" деген баға берді.

Джон Кеннеди атындағы әуежай (Нью-Йорк, АҚШ)

Терминал авторы – американдық атақты сәулетші Ээро Сааринен. Автордың ерен еңбегін бағалаған А Frommer’s терминалға «ХХ ғасырдағы авиацияның нышаны» деген атақ берген екен.

Испаниядағы Мадрид-Барахас әуежайы

Толқын кейіптес шатыры бар аса үлкен емес және жарық бұл терминалдың жобасын жасаушылар Ричард Роджерс және Антонио Ламела атты сәулетшілер. Олар 2006 жылы әлемдік деңгейдегі сәулетшілер байқауында RIBA Stirling сыйлығын жеңіп алды. Мұнда ат басын тіреген жолаушылардың сөзіне сенсек, әуежайдың тиімділігі соншалықты, адам ығы-жығы болған күннің өзінде, көпшіліктің жағымсыз әсерін сезінбей, әуежайда өзіңіз ғана жүргендей сезімде боласыз.

Сеулдегі Инчхон әуежайы (Оңтүстік Корея)

Бұл әуежай «Ең керемет» деген тізімге өзінің ойын-сауық кешендерінің арқасында енді. Көптеген адамдар әуеге көтерілу алдында қобалжып жатады. Осындай ыңғайсыздықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған мұндай бұрыштар бүгінде көпшіліктің көзайымына айналып үлгерген. Мұнда жүріп түрлі воркшоптарға қатысып, ұлттық киімдерді киіп суретке түсуге болады. Жолаушыларға арналған интернет-кафелерге, мұражайларға бас сұғып, арнайы орындарда бір сағаттай мызғып алуға болады.

Веллингтон әуежайы (Жаңа Зеландия)

Әуежайды ең ұсқынсыз ғимарат деп атауға болады. Бұл әрине әуежайға қатысты пікір. Ал сіз өткен жылы ғана пайдалануға берілген жұмыртқа кейпіндегі The Rock терминалына назар аударыңызшы. Майысқан ғимараттар бір-бірімен тығылмақ ойнап жүргендей көрінеді. Ерекше әрі күлкілі терминал жобасын Studio Pacific Architecture» және «Warren & Mahoney» атты дизайнерлік фирмалары жасаған.

Суреттер:designbuzz.com,ausbt.com.au,nabortu.ru,prlog.org,tio.by

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева