2050 жылға қарай әлемде шоколад таусылуы мүмкін

2050 жылға қарай әлемде шоколад таусылуы мүмкін
Фото: vk.com

Мұндай әлемде қалай өмір сүресің?! 

Америкалық ғалымдар 2050 жылға қарай әлемде шоколад таусылуы мүмкін деп хабарлады. Олардың айтуынша, ғаламдық жылыну (жердің бетіндегі орташа температураның артуы) себебінен шоколад жасалатын какао ағаштары жойылып кету алдында тұр екен. 

Какао немесе шоколад ағашы – мәңгі жасыл стеркулия тұқымдасына жататын ағаш. Theobroma cacao ағаштарының биіктігі 4-8 метр, гүлдері сары не қызғылт түсті келеді. Какао Орталық және Оңтүстік Американың қалың ормандарында өседі. Африканың батысында және басқа да тропиктік аймақтарда XVI ғасырдың басынан қолдан егіле бастаған. Орташа жылдық температурасы 21°С, жылына түсетін жауын-шашын мөлшері 2000-5000 миллиметрге жететін жерлерде жақсы өседі. Какао дәнінен, шыбығынан өсіріледі. Жемістің ұзындығы 30 см болса, салмағы 300-600 граммды құрайды.

Әлемге таратылатын какао өнімінің басым бөлігі Батыс Африкада орналасқан Кот-д'Ивуар мен Ганадан тасымалданады. Зерттеу нәтижесіне сай, 30 жылдан кейін бұл аймақтар қазіргі биіктігінен 300 метрге жоғарылап таулы мекенге ығысады. Осының салдарынан температура 2,1 градусқа артып, какао өсіруге қолайсыз жағдайға енеді.

Естеріңізге сала кетейік, соңғы жүз жылда Жердің орташа температурасы шамамен 0, 6 ºС-қа артты. Ауаны ластау, өнеркәсіп санының артуы, ормандарды кесу, жанартаулардың атқылауы және Күндегі өзгерістер, адамның әр түрлі әрекеттері ғаламдық жылынудың басты себептері болып отыр. Сәйкесінше, бұл жағдай өз салдарын алып келуде.

А. Оралқызы