Жүктілік кезінде ұшаққа міну

Жүктілік кезінде ұшаққа міну

«Жүктілік кезінде ұшаққа міну өте қауіпті» деген ой кеңінен таралған. Аяғы ауыр келіншіктерге ұшақта болу қиын болғанмен, жүктілікке ешқандай қауіп төнбейді. Сапарыңыз сәтті, демалысыңыз жайлы өтсін десеңіз жүктілік кезіндегі жол жүру кеңестеріне құлақ асыңыз!


Жүктіліктің алғашқы және соңғы кезеңдері ауыр болатыны белгілі. Бұл кезеңде алыс жолға шықпаған абзал. Кейбір ірі авиакомпаниялар жүктіліктің жетінші айынан кейін аяғы ауыр келіншектерге ұшаққа мінуге рұқсат бере бермейді. Жүкітіліктің 14-28 апта аралығында жол жүру үшін ең лайықты кезең.

Жүктіліктің алғашқы үш айында вакцинацияның кез келген түрі өте қауіпті. Егер де сапарға вакцинация жасау қажет болса, одан бірден бас тартыңыз. Бұл кезде, міндетті түрде, дәрігермен ақылдасып, өзіңізбен бірге жолға қажетті дәрі-дәрмектерді алыңыз.

Демалыс я сапарда тамақтанған кезде абай болыңыз. Жергілікті тағамдар жайлы ақпарат алып, ас мәзірін мұқият оқыңыз.


Демалыс кезінде су немесе тау шаңғысымен сырғанамаңыз. Тауға жаяу шықпаңыз. Қыдырған кезде де көп жүрмеңіз. Аяғы ауыр келіншектерге суға сүңгу өте қауіпті, сондықтан да суда жүзген кезде абайлаңыз.

Температураның қатты ыстық я суық болуы құрсақтағы сәбиге өте қауіпті. Монша-саунаға көп түспеңіз. Жағажайда жалаң аяқ жүрмеңіз. Күн астында болмаған жөн. Кері жағдайда күнге көп қыздырынбаңыз.

Аяғы ауыр келіншектерге арналған сапар алдында және сапар кезіндегі кеңестер:

  • Жол жүрмес бұрын алдын ала дәрігеріңізбен ақылдасып алғаныңыз жөн;
  • Сапарға шыққан кезде үстіңіздегі киім жеңіл әрі ыңғайлы болуы керек;
  • Жолға өзіңізбен бірге бірнеше жылы киімдерді алып алыңыз;
  • Арқаңызға кішкентай жастық салып жатып, демалыңыз;
  • Түрлі вирустар мен бактериялардан қорғану үшін медициналық маска киіп алыңыз;
  • Қауіпсіздік белдігін ішіңіздің астынан тағыңыз;
  • Көбірек су ішіңіз. Әр сағат сайын, шамамен, 500 мл минералды су не жемісі шырынын ішіңіз;
  • Бір орында отырмай, ары-бері жүріп, жеңіл гимнастика жасап қойыңыз. Бұл бойыңыздағы қан айналымына оң әсерін тигізеді.

 Сапарыңыз сәтті болсын!

Суреттер ғаламтор беттерінен алынған

Ғ. Ұзақ