Суретте қандай жануар бейнеленген?

Суретте қандай жануар бейнеленген?
Фото: google.com

Суретке қарап, жаны бар тіршілік иесінің жануардың қай түріне жататынын ажырату біраз қиындық тудыратын сияқты. Бұл жануардың түрі сұрықсыз болса да, адамды қорғауда құлықсыздық танытпайтын венгер иті – комондор. Ит жылы кіргеннен кейін, адамның сенімді серігіне айналған осы жануар жайлы жазған артық болмас.

Комондор – 10-12 жыл өмір сүретін венгер овчаркасы. Оның бойы шамамен 70 сантиметр, ал салмағы 40-60 келіні тартады. Ол өзінің иесіне өте адал. Көбіне комондорлар үй ішін қарауылдау үшін күзетшінің қызметін атқарады. Тұқымына байланысты бұл иттің жүні қалың және өте тығыз. Тіпті, иттің қалың түгінің жиілігінен оның көзі, аяқтары мүлде көрінбейді. Тек, түйме пішініндегі кішкене тұмсығы көрініп тұрады. Оларға күтім жасау көп уақытты алады. Сол себепті, комондорды пәтерде асырау қиындық туғызады.

Комондор қарсыласына шабуыл жасаған кезде, бірден бас салып тістемейді екен. Бірінші қатты жылдамдықпен жүгіріп келіп, жауының басын өзінің маңдайымен қатты күшпен соғатын көрінеді. Тіпті, осы әдіспен венгер овчаркасы қасқырға да қарсы тұрады екен.

Зерттеушілердің пайымдауынша, комондор ежелгі овчаркалардың қасқырмен будандасқан түрінің тұқымы. Бұл ит Венгрия жеріне Қара теңіз жағалауынан келген. Олар бұл аймақта ертеректе мал қарап, адамның сенімді қарауылына айналған.

Қазіргі уақытта, комондор АҚШ-та полиция қызметкеріне көмектесе алатын иттердің тізімінде алдыңғы қатарда тұр. Олардың негізгі міндеті – жарылғыш заттарды табу. 

А. Қажиев