- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Такла-Макан шөлі: аңыз...
Такла-Макан шөлі: аңыз бен ақиқат
Такла-Макан шөлі – Батыс Қытайда орналасқан шөлді дала. Әлемдегі ең үлкен әрі ең ұзын шөлдердің бірі. Батыстан шығысқа дейінгі аралығы 1 000 км. Ені – 400 км. Жалпы құмның ауданы – 300 мың км² құрайды.
Жалпы шөл жайында түрлі аңыз, тарихи деректер бар. Сахарадан кейінгі орында тұрған құмды даланың жұмбағы әлі күнге дейін шешілген жоқ. Тек аңыз бар, әлі зерттеу үстінде. Қытайдың өз тарихынан жеткен аңыз бойынша бұл жерде тегінде жасыл алқап пен мөлдір су болған.
Аңыз не дейді?
Қытайдың тарихы жайында үлкен үш кітап сыр шертеді. Үшеуі де аңыз ретінде де, тарихи дерек көзі ретінде де айтылады. Олар: «Үш патшалық», «Су бойында» және «Батысқа саяхат». Такла-Макан шөлі жайында «Батысқа саяхат» еңбегі сыр шертеді.
Суретте: аңызға айналған тас маймыл – Суң Куң
«Аспан асты елі» деп аталып кеткен елдің сол кездегі аңызы бойынша, әлем «аспан патшылығы», «жер асты», «су асты» және «жер» болып бөлінген. Бәрінің үстінен қарайтын Будда. «Батысқа саяхат» еңбегінің негізінде Суң Куң атауын алған тас маймыл бүкіл әлемнің мазасын алады. Тіпті «аспан патшалығын» қопарып, ондағы мәңгі өлместің ағашынан дән жеп қояды. Осыны көрген патшалықтар тізе біріктіріп, тас маймылға қарсы шығады. Тас маймыл сиқырдың 72 түрін меңгеріп, бәріне төтеп береді. Ең ақыры оны «отты қазанға» салып өртейді. Бұл қазандыққа түскен ешбір тіршілік тірі шықпаған. Тас маймыл өлді-ау деп сиқырдың күшін қайтарған кезде жанып тұрған алып қазандықтың ішінен тас маймыл тірі шығады. Ол қазандықты бар күшімен теуіп жерге түсіреді. Осы жерге түскен «отты қазандықтың» әсерінен біз айтып отырған шөл пайда болды дейді.
Ғалымдар не дейді?
Такла-Макан шөлі жайында нақты дерек жоқ. Болған күннің өзінде, тек оның пайда болғаннан кейінгі географиялық жағдайына ғана есеп бере алады. Ал оның қалай пайда болғаны, табиғи жаратылғаны жайында толыққанды құнды дүние жоқтың қасы. Тек 2012 жылы қазанның 6 жұлдызында жарық көрген мақалада шөлден 1,28 млн тоннаға жуық никел рудасы табылғаны анықталды. Зерттеу жұмыстары 2009 жылдан бері жалғасып келеді. Ғалымдар көп еңбектің арқасында болашақта бұл шөлді даланың сырын ашамыз деп отыр.
Еске сала кету керек, осы шөлді басып өткен Қуанақын Серікұлы атты 21 жастағы қазақ жігіті Гиннес рекордтар кітабына енген болатын.
Әлем құпияға толы. Бізге көбінесе аңыз ғана жетеді. Бірақ кей аңыздың шындыққа ұласып жататыны тағы бар. Қалай дегенмен шөлдің жұмбаққа толы сыры болашақтың еншісінде.