«Қызыл жұлдыздың» құпиясы немесе Марс тек қызыл түстен тұрмайды

«Қызыл жұлдыздың» құпиясы немесе Марс тек қызыл түстен тұрмайды
Фото: rusvesna.su

Марсты ежелгі аталарымыз «Қызыл жұлдыз» деп атаған. Расында да, бұл планета телескоппен қараған кезде қызыл шар болып көрінеді. Десе де жақында америкалық ғарыш агенттігі (NASA) жариялаған фотодан Марстың қызыл түсті ғана емес, көк екенін де байқауға болады.

Марстағы көк түс ғаламшардың солтүстік-батысындағы Нил Фосс ойығынан байқалған. Бұл аймақ ғаламшардың ең төменгі нүктелерінің бірі. Сондай-ақ, Исид кратері аумағында ғаламшардағы тектоникалық жарықшақтар орналасқан.

Америкалық ғарыш агенттігі мамандарының хабарлауы бойынша, көк түсті аймақта минералды заттардың мол қоры бар көрінеді. Одан өзге ойық орнында ертеректе жанартау болғаны анықталып отыр. Сондықтан, бұл аймақ көк түсті деп айтылуда.

Айта кетейік, ғаламшардың аты ежелгі римдіктердің соғыс құдайы Марстың құрметіне қойылған. Оған себеп жұлдыздың қан түстес қызыл болғандығы деп айтылады. Ғалымдардың ұсынған гипотезасы бойынша мұндай түс ғаламшардың атмосферасында темір оксидінің өте көп болуымен байланысты екен.

О. Сансызбай