Фудзисан... Жапон халқы өздерінің ең биік, ең атақты және ең ғиззатты тауларын нақ осылай атайды. Ал сіз бен біз тауды өз бетімізше Фудзияма деп қате атап жүр екенбіз. Тау Токио қаласынан 97 км жердегі Хонсю атты аса көлемді аралда орналасқан. Жапон мәдениетінде алар орны айырықша Фудзисанның биіктігі 3798 метрді құрайды.
Қытымыр қыста
Ықылым замандардан бері олардың ата-бабалары әрбір таудың өз Рухы болады деген сеніммен тау бөктерлеріне ғибадатханалар тұрғызып келеді. Фудзисан да сондай қасиетті таулардыі бірі әрі бірегейі.
Ару қала Алматымыздың қоршаған асқар Алатаудың шыңдарынан жаздың күндерінде де еш кетпейтін бірлі-жарым ақ қарларды байқап жүрген боларсыз. Ал, Фудзисан тауының шыңындағы мәңгі кетпес ақ қардың құпиясы тіптен басқаша десе де болады.
Көгілдір көктемде
Күндердің күнінде Фудзи Рухына жапондықтардың Ұлы Бабалары қонаққа келеді де, түнейтін жер сұрайды. Сол уақытта рухтың уақыты болмағандықтан, өтінішті орындаудан жалтарып, қолын бір сілтейді. Мұнысына ашуланған Ұлы Баба: «Сенің шыңдарыңа ешбір адам шығып, саған тағзым жасамайды, өйткені ол жерді бұдан былай мәңгі қар басатын болады!» деп қарғыс айтқан екен. Негізінде таудың биігіне 1 шілде мен 30 тамыз аралығында көтерілуге болады.
Жайма-шуақ жазда
Сонымен қатар, Фудзисан – жанартау. Мұндағы жанартаудың атқылауы соңғы рет 1707 жылы болғандығымен, жергілікті үкімет тауды 2009 жылы аса қауіпті аймақтар қатарына қосқан көрінеді. Таудың қауіпті деп танылуы жыл сайын осында ағылып келіп жататын туристер санын көбейтпесе, азайтқан емес.
Күрең күзде
Көптеген қолы алтын суретшілер мен сұлу сөзді құрметтейтін ақиық ақындар Жапонияның нышанына айналған Фудзисан тауының төрт мезгілде де өзгеріп тұратын көз тоймастай көркінен шабыт алып, оның сұлулығын әлемге паш етуден жалыққан емес. Ерекше үйлесімділік пен кіршіксіз тазалықты бір бойына ұялата білген Табиғат Тамашасы сізді де таң қалдырып, шығармашылығыңызға шабыт берер деген үмітіміз бар.
Суреттер:explorejapan.ru,asialog.livejournal.com,japangid.ru,fotoflickr.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева