- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Рио-де-Жанейро - ғажайыптар...
Рио-де-Жанейро - ғажайыптар мекені
Рио-де-Жанейро – ұшар басы аспанмен таласқан асқар таулардың, көрінісі көз тартар ұзынды-қысқалы өзендер мен теңіздердің, әдемі жағалаулардың арасында, Бразилияның жүрегінен орын тепкен «ғажайыптар қаласы». Төрт ғасыр бойы қала Оңтүстік Американың туризм орталығы мен сұлулықтың астанасы саналып келеді. Ертегі әлеміндегідей таңғажайып қаланың тұрғындары: «Құдай әлемді алты күнде жаратса, жетінші күні Рио-де-Жанейроны жаратты» деп аңыз айтатын көрінеді. Халық айтса, қалт айтпайды! Қала әлемдегі ең сұлу мекендердің бірі әрі бірегейі.
Ең алғаш рет 1763 жылы Рио-де–Жанейро мемлекеттің әкімшілік қаласы деген мәртебеге ие болады. Жылдар бойы шаһардың тұла бойында тұнып тұрған қазба байлықтар Еуропаға әкетіліп жатты. Әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатқан иммигранттар да Рио-де-Жанейро арқылы өтетін еді. Нәтижесінде, ХХ ғасырдың аяғында Рио 15 миллион халқы бар Оңтүстік Американың ең алып қаласына айналып шыға келді.
Рионың негізгі құндылығы саналатын Кешірімді Иса Пайғамбар мүсіні – әлемдегі ең танымал монументтердің қатарында. Мүсінді тұрғызуға 9 жыл уақыт кеткен (1922-1931ж.ж). Оның биіктігі – 38 м, ал іргетасы – 8 м, салмағы -1145 тоннаны, қолының құлашы – 30 метрді құрайды. 2007 жылы мүсін әлемнің жаңа жеті кереметінің қатарына қосылды.
Риоға ат басын бұрсаңыз, Корковада тауында болуды ұмытпаңыз. Таудың 700 метрлік шыңынан таңғажайып көрініске куә боласыз: Кешірімді Иса Пайғамбардың мүсіні атағы жер жаратын Копакабан құмды жағалауларына, әйнекпен аптап, зеңгір көкке тіреп тастағандай төбесі әрең көрінетін салтанатты қонақ үйлер мен «Маракана» стадионынан қарап тұрады.
Жергілікті тұрғындар қаланы Ескі шаһаржәне Жаңа шаһар деп екіге бөледі. Ескі шаһарда кеден, кеме жөндейтін порттар, әскери құралдар жасайтын орындар, Ұлттық Көркемөнер академиясы, мұражай, театр сынды мәдени ошақтар орналасқан. Ал Жаңа шаһар тиынды бақпен, негізгі вокзалмен, мүгедектер үйімен, Ипанема және Копакабана жағалауларымен және әлемдегі ең үлкен футбол стдиондарының бірі– "Мараканамен" танымал.
У-шуға толы көшелерге толы болғанымен, Риода көптеген саябақтар мен ботаникалық бақтар да жетерлік. 1808 жылы негізі қаланған ботаникалық бақта жер жүзінен жиналған өсімдіктің 7000 түрі бар.
Дәл осы жерде атақты пальмалар гүлзарын және экзотикалық жануарлар мен құстардың коллекциясын көре аласыз. Ботаникалық бақ қаншама жылдардан бері көптеген туристерді өзіне шақырудан шаршаған емес.
Суреттер:footballchik.ru,krasivyemesta1.ru,novostinz.co.nz,wallpaper.zoda.ru,ua-travel.com.ua
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева