- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- 62 жыл тырнағын...
62 жыл тырнағын өсірген қарт Гиннес кітабына енді
Үндістанда 62 жыл бойы тырнағын алмаған Шридхар Чиллал есімді қарт Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Қария атын әлемге әйгілеген тырнақтарын түн ұйқысын төрт бөліп күзетеді екен. Тіпті, жарты сағат сайын оянып, сол қолын қозғап тұруы керек. Себебі, 16 жасынан бері баптап келе жатқан "байлығы" кез келген уақытты морт сынуы мүмкін.
Бұл "байлық" төрткүл дүниеге Шридхар Чиллал деген есімін таңбалағанымен, жеке өміріне көптеген кедергі келтірген. Оратылған осы тырнақтың кесірінен ел қатарлы жұмысқа тұра алмаған. Жақсы жұмыс болмағасын, жақсы жар қайдан болсын? Өмірлік қосағын да ұзақ іздепті. Дегенмен, жеке өмірден гөрі жұрт көзіне түсіп, ел назарын өзіне аударғанды жақсы көретін рекордсмен бұған қатты қиналмайды екен.
Бүгінгі таңда Шридхар 78 жасқа толса, ал оның тырнақтары 62-ге келді. Жарты ғасырдан астам уақыт "мұрты бұзылмаған" тырнақтың жалпы ұзындығы 909,6 сантиметрге (әр саусағындағы тырнақтың ұзындығы 164,5-200 сантиметр) жеткен. Гиннес рекордтар кітабына енген қарт мұнымен тоқтап қалмай, атын әлемге мәшһүр еткен тырнақтарын мұражайға тапсыруды жөн көріпті.
Ал әйелдер арасындағы ең ұзын тырнақ Лас-Вегастық Крис Уолтонға тиесілі. Ол 2011 жылы Гинесттің рекордтар кітабына енді. Тырнақтарының жалпы ұзындығы алты метрді құраған. Шашынан тырнағы ұзын Уолтон ханым "алты құлаш" "байлығын" баптауға күніне бірнеше сағат жұмсайды екен.
Е. Жұмабайұлы