- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Қарбыз сұрыптарын білесіз...
Қарбыз сұрыптарын білесіз бе?
Жаз келгенде ең алдымен жеміс-жидек пен көкөністің пісуін күтеміз. Базарларда, дүкендерде "мені алшы" деп барлығы төгіліп тұрады. Соның ішінде, қарбыздың орны бір төбе. Шырынды, тәтті әрі салқын болып тұрса, тіпті жақсы. Ал сіз қарбыздың біз білмейтін түрін жеп көрдіңіз бе? Олай болса, біз сізге қарбыздың сұрыптарын ұсынамыз.
1. Ең ерекше қарбыз
Қарбыздың Densuke деп аталатын сортын кез келген бақшадан жинай алмайсыз. Ол тек бір-ақ жерде – Жапонияның Хоккайдо аралында ғана өседі. Оның басқа қарбыздардан ерекшелігі – сыртқы өңінде. Қара түсті қабықта тіпті жолақ та жоқ. Ал іші біз білетін қарбыздар секілді: қып-қызыл. Жыл сайын егістіктен он мыңдай «қара қарбыз» жиналады екен. Ерекше түсімен және санының шектеулілігінің нәтижесінде бір данасы 250 АҚШ долларын құрайды. Ең алғаш сатылым кезінде бұл сорттың бағасы 6 мың долларға дейін жеткен. Демек, әлемдегі ең қымбат қарбыз деп тануға болады.
2. Ең үлкен қарбыз
Америкалық Ллойд Брайт қарбыз өсірудің ең озық үлгісін көрсетіп келеді. Бірақ, ол – құпия. 1979 жылдан бастап оның фермасында көлемі үлкен қарбыздар өсіріле бастаған. Үлкен еңбектің нәтижесінде 2005 жылы Carolina Cross деп аталатын қарбыз өсірілген. Оның салмағы 122 килограмды құраған.
3. Ең кішкентай қарбыз
Шөліңді қандырып, қарныңды тойдырмаса, кішкентай қарбыздың не керегі бар деп ойларсыз?! Pepquinos сорты көбінесе сәнді мейрамханаларда түрлі салаттар және үстелді безендіру үшін қолданады екен. Оларды Оңтүстік Америкада: тек егістіктерде ғана емес, кез келген жерден кездестіруге болады. Сырты қарлығанға (крыжовник), ал дәмі қиярға ұқсайды.
4. Біз білетін қарбыз
Бұл қарбыз біздің түсінігімізде дәстүрлі қарбызға айналған. Бұл қарбыздар көп ауруға ем болады. Тәтті дәмі мен исі жаз мезгілінің символы іспеттес.
5. Дәнсіз қарбыз
Қарбызды, «дәні болмаса ғой» деп армандап отырып, амалсыз жейтініміз белгілі. Дегенмен мұндай қарбыздар бар екен. Мұндай сорт «Қызыл патша» деп аталады. Және оны кезіктіру өте қиын.
6. Қарбызға ұқсамайтын қарбыз
Мұндай қарбыз 2013 жылы танылған екен. Оның іші сары, ал дәмі лимонның дәмі секілді. Бұл қарбыз глюкоза мен фруктозаның көптігінен осындай түспен дәмге ие болыпты.
Е. Жұмабайұлы