- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Швейцария тазалықты қалай...
Швейцария тазалықты қалай сақтайды?
Табиғатты қаншалықты аялап, құрмет көрсетсек, ол да соншалықты сұлулығын аша түседі. Әлемнің ең таза мекені Швейцарияның сұлулығы осы заңдылықтың нәтижесі болса керек. Бұл елдің тек қалалары ғана емес, кішкентай елдімекендері де тап-таза. Швейцарияның мұндай дәрежеге қалай жеткені туралы сіз білесіз бе?
Швейцарияда қоқыстарды жәшіктерге тастау кезінде барынша сұрыптайды. Мысалы, шыныларды шыны тастайтын жәшікке, қағаздарды қағазға арналған жәшікке тастау керек. Бұл заң бәріне қатысты. Тұрғындар қоқыстарын әр түрлі жәшікке салып сұрыптауға міндетті. Егер бұл заң бұзылса, жазаланып айыппұл төлейді.
Швейцария шыны ыдыс тапсырудан әлем бойынша бірінші орын алады. Шамамен 90% пайыз бөтелке қайта жасалып, өңделеді екен. Оған қоса, әр шөлмекті тығынынан ажыратып тастау керек екен. Олар да өңделеді. Қалың қатырма қағаз бен кәдімгі қағаздарды да сұрыптау қажет. Қалың қатырма қағаздарды өңдеу қиынға соғады. Жиналған баспа қағаздарының үштен бірі өңделуге жіберіледі. Ал елде сатылатын батареялардың 60%-ы қайталама шикізат ретінде жіберіліп, өңделеді.
Құрылыс қалдықтары, шамдар, көлік майларының қалдықтары, электр бұйымдары және т.б. тастау кезінде осындай заттарды қабылдайтын арнайы мекемелерге өткізу керек. Өлген жануарлардың денелерін көмуге тыйым салынған. Оларды да өткізу керек.
Швейцарлықтар қоқыс тастау үшін салық төлейді. Олар салықтан қашу үшін қайталама шикізатқа жарайтын қоқыстарын қабылдау бөлімдеріне апарып тапсырады. Оған қоса, Швейцарияда қоқыс жәшіктерін қадағалайтын арнайы полиция бөлімдері бар. Олар заң бұзушыларды тауып, айыппұл салып, жазалайды.
Иә, швейцарлықтар басқалар сияқты қоқысты аямай шашып, артынан жинай алмай жүрмейді екен. Олардың ақылдылығы сол – халыққа қоқысты жинау емес, ең бірінші шашпауды үйреткен. Бұдан швейцарлықтардың тазалық "әліппесін" о баста дұрыс құрастырғанын және бүгінде "жасыл елге" айналуының басты себебі неде екенін аңғару қиын емес.
Сіз қалай ойлайсыз, тазалығымызбен әлемді таңғалдыру үшін не істеуіміз қажет?
Е. Жұмабайұлы