- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Кітапқұмар балақай...
Кітапқұмар балақай
12 жастағы Мэтью Флорес өзге балаларға ұқсамайды. Оның кітап оқуға деген қызығушылығы ерекше. Алайда, бір өкініштісі оның жалғыз ғана оқу құралы - өзгелерден қалған жарнама қағаздары мен ескі жазбалар. Оның кітап оқуға деген құштарлығы соншалық тіпті, жергілікті пошташының біріне барып, ескі-құсқы шығарылымдар болса, өзіне беруін сұраған. Жас баладан мұндайды күтпеген Рон есімді пошташы алғашқыда не деп жауап берерін білмепті. Бірақ бұған бей-жай қарамай, мәселенің анық-қанығын фейсбуктегі жеке парақшасына жазады.
Рон Линч: "Бүгін мен пошта таратып жүргенімде жарнама қағазын оқып тұрған баланы көрдім. Сөйтіп, ол менен керек емес брошюралар болса, беруін сұрады. Балақай оқитын кітабым болса деп армандайды екен. Ал мен болсам таңырқадым. Себебі ол үшін кітапхана бар емес пе? Бұған ол отбасында көлік жоқ екенін және автобусқа мүмкіндігі болмай тұрғанын айтты", - деп жазады.
Содан Рон фейсбуктағы достарынан артық немесе оқып қойған кітаптарын жіберуін сұраған. Пошташы мұнысымен 50-60 шақты кітап жинаймын деп ойлайды. Бірақ оның үндеуі жан-жаққа тарап, Ұлыбритания, Аустралия, Үндістан секілді дүниежүзінің түкпір-түкпіріне жетеді. Жер-жерден жүздеген кітаптар келіп Мэтьюдің сөресін толтырды. Бұл жөнінде Мэтью былай дейді: "Бұл кітаптардың барлығы маған екенін айтқанда сене алмадым. Қателескен шығар деп ойлағам. Бірақ, аяғында солай екеніне көзім жетті". Кітапқұмар балақай қолына түскен әрбір кітапты оқуға және достарымен бөлісуге сөз берді.
Н. Нұрмаханұлы