Ең ыңғайлы велосипед құрастырылды

Ең ыңғайлы велосипед құрастырылды
Фото: www.unocero.com, http://billionnews.ru/

Велосипедтің адам денсаулығына пайдасы өте көп. Оған еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қызығатыны анық. Алайда велосипед тебушілердің басым көпшілігі аяқтарының шаршап, талып қалатынын айтып наразылық білдіріп жатады. Ал оның бәрі ыңғайсыз орындықтың кесірінен екенін бірі білсе, бірі білмейді. Сондықтан біз бүгін назарларыңызға орындығы ыңғайлы, тіпті үйіміздегі креслодан кем емес трицикл туралы айтқымыз келіп отыр. Ол осы жақында ғана құрастырылды.

Соңғы жылдары сатылымға шыққан велосипедтердің ешқайсысының орындығы онша емес. Сол себепті велосипедшілердің аяғы, арқасы жиі ауырып қалады. Бірақ бұл мәселені Trivek трициклін құрастырушылар шешті. Оның бұған дейін шығарылған велосипедтерден айырмашылығы төмендегідей.

Ең алғашқы айырмашылығы - жоғарыда айтып кеткеніміздей, орындығы. Трициклдің орындығы өте ыңғайлы әрі биік орналасқан. Айдаған адамға жол анық көрінеді. Ал одан кейінгі айырмашылығы – жүру механизмінде. Педалі аяққа жеңіл етіп жасалған. Бұрынғыдай көп күш жұмсап, аяққа ауырлық түсірмейсіз.

Сонымен қатар трициклдің жылдамдығын арттыратын және төмендететін екі жанында екі қол тежегіш бар. Ол арқылы велосипед қаншалықты қатты келе жатса да, 1,5 секундта тоқтатуға болады. Сол секілді тез арада да жылдамдық қоса аласыз. Бұл таза ауамен серуендеп, көшеде жүргенге арналған көлік түрі.

Ж. Исакаев