- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- АҚШ-та иттер мен...
АҚШ-та иттер мен мысықтар құқығы заңмен қорғалады
АҚШ-тың Иллинойс штатында ит немесе мысыққа көрсетілген теріс әрекет үшін заң алдында жауап беруге тура келеді. Ол үшін үй жануарының қожайыны айппұл төлейді. Егер төлеуге шамасы келмесе, абақтыға қамалатын болады.
Аталған штаттың тұрғындары итін серуендеуге алып шыққанда өзімен бірге термометрді де алып шығуға міндетті. Себебі үй жануарын суықта немесе аптап ыстықта қалдырып кету жануарлардың науқастанып, өмірден озуына алып келеді. Иллинойс штатының үкіметі осы аптаның басында аталған заңға қол қойды.
Егер үй жануары қауіпті температурада далада қалып қойса, оның иесі бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе 2500 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі.
Аталған заңның ресми бекітілуіне жануарларды қорғау орталығы мен жергілікті ветеринарлардың арыз-шағымы түрткі болған. Себебі америкалықтар әдетте шаруаларымен жүріп, өз итін көлік салонында бірнеше сағатқа дейін құлыптаулы күйде қалдырып кетеді екен. Ал көліктің іші жаз маусымында 50 градусқа дейін ыстық болады.
Өз итіне дұрыс қарамайтын азаматтарды полицейлер іздейтін болады. Енді құқық қорғау қызметінің өкілдері тұрақтағы көліктердің ішін мұқият тексеруге құқығы бар. Иллинойс штатында бұған дейін де жануарларды қорғауға бағытталған бірнеше заңнамаға қол қойылған екен. Атап айтқанда, Чикагода иттерге алькогольді ішімдік беруге болмайды. Ал штаттың солтүстік-шығысындағы Сион қаласында ит немесе мысыққа өшірілмеген темекінің қалдығын беру заңмен қудаланады.
Ж. Өрісбай