АҚШ тілшісі Обаманың әйелін маймылға теңегені үшін жұмыстан қуылды

АҚШ тілшісі Обаманың әйелін маймылға теңегені үшін жұмыстан қуылды

Америкалық Univision телекомпаниясының жүргізушісі АҚШ президентінің әйелі Мишель Обаманы «Маймылдар патшалығы» фильміндегі қаһарманға теңегені үшін жұмысынан қуылды, – деп хабарлайды Bnews.kz.

Журналист Роднер Фигероа 11 наурыз күні El Gordo y La Flaca телешоуында әзілдеймін деп, президенттің әйеліне тілі тиіп кеткен. Ол тікелей эфирде танымал адамдарды әртүрлі аң мен жануарға ұқсастығын айтып, үнемі әзілдеп отыратын көрінеді. Бұл жолғы әзілінде қатты кетіп, жұмысымен қош айтысыпты.

Фигероаның «Өздеріңіз салыстырып көріңіздерші, Мишель Обама «Маймылдар патшалығындағы» қаһарманға ұқсайды ма? Аумай қалған өзі емес пе?!» - деген теңеуіне өзге жүргізушілер «Жоқ, біздің президентіміздің әйелі өте сұлу» - деп, бастарын алып қашқан. Басқа пәле тілден демекші, олар дәл осындай сұмдықтың боларын алдын-ала сезген болуы керек.

Роднер Фигероа бұл телекомпанияда 17 жылдан бері жұмыс істейді. Тіпті, осы бағдарламасының арқасында Emmy сыйлығын да алып үлгерген. Фигероа осы қылығы үшін президенттің әйелінен кешірім сұрап, оған хат жазыпты.

«Мен расист емеспін, мені дұрыс түсініңіз. Менің сізді мұқататындай ойым болған жоқ. Сіз мені дұрыс түсінбедіңіз», - деп өз былығын жуып-шайыпты жазған хатында. Сонымен қатар, ол компания басшылығы өзіне қатысты әділ шешім шығармағанын айтып шағымданған көрінеді.

сурет: teleport2001.ru

Е. Қайрахан