Лондон көшесінен 400 жыл бұрын өмір сүрген 3 000 адамның сүйегі табылды

Лондон көшесінен 400 жыл бұрын өмір сүрген 3 000 адамның сүйегі табылды

Ағылшын археологтары Лондон орталығынан 3000-дай адамның сүйегін тапты. Олар осыдан 4 ғасыр уақыт бұрын өмір сүрген деген болжам бар, – деп жазады khabar.kz.

Қабір қаланың қақ ортасындағы Ливерпуль көшесінде жаңа метро жолы салынып жатқан жерден шыққан. 

40 метр тереңдіктен табылған қаңқаларды қазір ғалымдар зерттеу үстінде. Мамандардың пайымдауынша, бұл оба індетінен қаза тапқандардың денесі болуы әбден мүмкін.  

Өйткені XVI-XVII ғасырларда Лондонның әрбір 5 тұрғыны қатерлі дерттен айыға алмай, ажал тырнағына ілінген. 

Бұл туралы лондондық археолог Джей Карвер былай деді:  "XVI ғасырда бұл өңірде алғашқы муниципалдық қорым болған. Зұлмат жылдары қала аймағындағы зиратқа адам сыймаған соң, осы жерден жаңасын ашқан. Себебі, XVI-XVII ғасырларда Лондон тұрғындарының саны күрт көбейген еді. Оған қоса, қауіпті індет талай адамның өмірін қиды. Бір қызығы, археологтар Рим империясы кезіндегі ежелгі керамикалық бұйымдар мен тұрмыстық заттарды тауып алған көрінеді".

«Бұлардың барлығын зерттеуге бірнеше ай уақыт кетеді», - дейді зерттеушілер. Сол себепті Лондонның шығысы мен батысын жалғастыратын метро жолының құрылысы енді қыркүйек айына дейін тоқтатылуы мүмкін.

сурет: britainfromabove.org.uk

Е. Қайрахан