- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Бізге беймәлім ғажайып...
Бізге беймәлім ғажайып мекендер
Бостандық ескерткіші, Колизей, Эйфель мұнарасы – әлемге әйгілі жерлер. Алайда, Жерде көп адам білмейтін, сырға толы мекендер де бар. Көп айтыла бермейтін Польша орманы мен Мальдив аралдарының жарқыраған жағалауы сіздерді бейжай қалдырмайды.
Цзючжайгоу, Қытай
Қытайдың кең даласында саяхатшылардан жасырынып жатқан талай құпия жерлер бар. Сондай ғажайып мекендердің бірі – Сычуан провинциясындағы Цзючжайгоу қорығы. 1992 жылы ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған. Бұл қорықтағы сарқырамалар, түрлі түсті өзендер, қарлы шыңдар мен тылсым табиғат көрген жанды бірден баурап алады.
Соссусфлей, Намибия
Намибияны саяхатшылардың ең сүйікті жері деп айта алмайсыз. Әйтсе де, мұнда аса қызықты орындар бар. Соссуфлей – Намиб Науклюфт ұлттық саябағындағы Намиб құмының орталығында орналасқан қызыл құмды, сазды шатқал. Күннің ыстығынан құрғап қалған Намибтің ортасын жарып өскен ағаштар судан үміттерін үзбейтіндей.
Сиқырлы орман, Польша
Мына қарағайлы орман Польшаның солтүстік-батысында орналасқан. Мұндағы ағаштардың барлығы тігінен емес, биші қыздардай бұралып өседі. Орманның пайда болғанына 85 жылдай уақыт өтсе де, әлі күнге дейін бұл "майысқан ағаштардың" сыры ашылмай келеді. Кезінде бұл теректерді үй жиһаздарын жасау үшін еккен екен.
Плитвиц көлдері, Хорватия
“Плитвиц көлі" атты ұлттық саябақ 1979 жылы ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған. Оның көлемі 300 шаршы километр. Бұл саябақтың ерекшелігі – мөп-мөлдір көлдер мен үлкенді-кішілі сарқырамалардың әдемі үйлесуінде.
Қаңқалар жағасы, Намибия/Ангола
"Қаңқалар" Намибия мен Ангола жағалауларынан орын тепкен екен. Бұл жағалау әлемдегі ең жағымсыз жерлердің бірі болуы мүмкін. Жүздеген жылдар бұрын апатқа ұшыраған кемелердің қалдықтары әлі күнге дейін жатыр. Бұл қорқынышты жағалауды жүрек жұтқан батыл адамдар ғана аралай алады.
Жангжиажи ұлттық саябағы, Қытай
Бұл ұлттық саябақ бағаналарға ұқсайтын заңғар тауларымен ерекше. Бұл ғажайып таулар – Табиғат-Ананың туындысы: тау табиғи құбылыстардың әсерінен мүжілген. Бұлар саябақтың әр тұсынан анық көрінеді.
Дарваза, Түркменстан
Дарваза ауылы Орталық Түркменстандағы Қарақұм атты құмда орналасқан. Жергілікті аймақ табиғи газға толы, 1971 жылы осы жерді бұрғылау кезінде жер астынан бос кеңістік пайда болған. Бұл бос кеңістікке бұрғылаушы топтың барлық құрал-жабдықтары түсіп кеткен екен. Ауаға улы газ таратпау үшін топ бұл жерді өртеп жіберуге шешім қабылдайды. Олар өрт 2-3 күнде өшеді деп ойлаған, алайда, бұл өрт әлі күнге дейін өшпей келеді. Жергілікті тұрғындар бұл жерді «Тозақ қақпасы» деп атап кеткен екен.
Ватнайёкюдль, Исландия
Тағы да саяхатшылар аяғы баспаған, жаратылысы бөлек ғажайып орындардың бірі – Исландияда. Ватнайёкудль ұлттық саябағы Исландияның шығысында орналасқан, бұл өңірдің тумасы осы көзді арбайтын ландшафттармен, мұзды үңгірлермен мақтана алады.
Сурет: mixstuff.ru
Е. Жұмабайұлы