Доллардың дизайны өзгеруі мүмкін

Доллардың дизайны өзгеруі мүмкін

Америкалық дизайнер Трэвис Паррингтон (Travis Purrington) АҚШ долларының жаңа дизайнын жасап, халыққа ұсынды. Ол бұл туралы Reddit әлеуметтік жаңалықтар сайтында жариялаған. Трэвис ұсынған жаңа дизайн АҚШ азаматтарын бей-жай қалдырған жоқ. Барлығы да өз пікірлерін білдіріп, жаңа доллардың болашағын талқылауда. 

Паррингтон, ең бірінші, америкалық валютаның түсі мен таңбасын жаңашалап өзгертуге көп күш салған екен. Және Американың бақуатты елге айналуына аянбай еңбек еткен тұлғалардың, жалпақ тілмен айтқанда, «Американың әкелерінің» суреттерін алып тастап, оның орнына техника, ғылым, архитектура, бизнестегі жетістіктерді және Американың ұлттық құндылықтарын бейнелеуді жөн көріпті. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 1 долларда АҚШ-тың бірінші президенті Джордж Вашингтон, 2 долларда үшінші президенті Томас Джеферсон, 5 долларда он алтыншы президенті Авраам Линкольн, 10 долларда қаржыгерлердің бірінші президенті Александр Гамильтон, 20 долларда жетінші президенті Эндрю Джексон, 50 долларда он сегізінші президенті Улисс Грант, ал 100 долларда ғалым, дипломат Бенджамин Франклин бейнеленген еді. Және көзімізге көкшіл жасыл түспен елестейтін ақшаның түсін де түрлі реңкке өзгертіп жіберіпті. 

Доллардың жаңа дизайны сайтқа жарияланғаннан-ақ, оқырмандардың назарын аударып, әрқайсысы өзіндік пікірлерін жарыса жазды. Әрине, мұндай маңызды мәселе ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық. Жарыса жазған оқырман қауымның пікірлері де екі ұшты. Біреулері доллардың жаңа дизайнын толықтай мақұлдап, көптен бері өзгеріс керек екенін алға тартса, ал енді біреулері жаңа дизайнның мүлдем ұнамағанын айтады. Араларынан «мына жерін былай өзгертсеңіз», «ескі дизайнның көлемін сақтасаңыз», «түстерін өзгертсек» деген сияқты сынмен қатар, ұсыныс айтушылар да табылды. Осындай жан-жаққа жол сілтеген екі жақты пікірлер бір арнаға тоғыспайынша, «дәл осы уақытта қолданысқа енеді» деп дөп басып айту әзірге қиын болып тұр. Әлемдегі ең кең таралған көк қағаз біздің де қалтамыздан орын алғандықтан, бұл жайлы айтпауға болмады. Төменде 5-100 аралығындағы доллардың жаңа дизайнын ретімен ұсындық, сіздер де өз пікілеріңізді білдіріңіздер. Әлемдік тартысқа біз де үн қосайық, құрметті оқырман!

 Бес доллардың жаңа нұсқасы

Он доллардың жаңа нұсқасы

Жиырма доллардың жаңа нұсқасы

 Елу доллардың жаңа нұсқасы

 Жүз доллардың жаңа нұсқасы

Қалай? Сізге көк қағаздың жаңа дизайны ұнады ма?

Сурет: reddit.com

Е. Жұмабайұлы