«Эскимостар» туралы не білеміз?

«Эскимостар» туралы не білеміз?

АҚШ, Канада, Дания және Ресей мемлекеттерінің солтүстік аймақтарын мекендейтін халықтар тобын әдетте жұрт «эскимостар» деп атайды. Қазіргі дерек бойынша бірнеше құрлықтың мұз құрсауында жатқан, табиғаты қатал өңірлерін мекендейтін эскимостардың жалпы саны 120 мың адамды құрайды.

Ғылыми деректерге жүгінсек, антропологиялық жағынан үлкен моңғол нәсілінің арктикалық (эскимостық) тобына жататын бұл этникалық қауымдастық бірнеше этномәдени дәуірлеу кезеңдерін бастан өткерген болатын. Орналасқан өңірлеріне, тілдік ерекшеліктеріне орай эскимостарды ғалымдар инупик және юпик деп екі топқа бөледі. Алғаш пайда болған күннен бері, дәлірек айтсақ қауымдастық ретінде қалыптасып, әр түрлі табиғи құбылыстың ерекшелігіне, қоршаған ортадағы жағдайларға орай өзіндік дәстүрлік наным-сенімдерді қалыптастырған олар ХҮІІІ ғасырда ішінара болса да христиандықты қабылдай бастады. Оған дейін алапат дауылды, жай отын мен тасқын суды Жаратушы құдіретке балап келген. Этностық қауымдастықтар өркениет қалыптарын жеткізуші еуропалықтардың және америкалықтардың ықпалы арқылы христиандықтың бірнеше тармақшаларын орнықтыра бастады.

Ғылыми негіздерге жүгінсек, осыдан 5 мың жыл бұрын Беринг түбегі маңында этнос ретінде қалыптаса бастаған эскимостар әр түрлі табиғи жағдайға байланысты бірте-бірте солтүстік жағалауларды қуалай отырып, әрқилы материктерге қоныс аудара бастады. Осылайша солтүстік өңірлерде батыс пен шығысқа қоныс аударған ұсақ этностық топтар өздерін эскимостар дейтін бір атау шеңберіне сиғызды.

Арктикадағы қатал табиғатқа сан ғасырлар бойы бойлары үйреніп, өмірге бейімделген эскимостар негізінен алғанда теңіз кәсібімен – балық аулаумен, ұсақ аңдарды ұстап, соларды ауқатқа пайдаланумен шұғылданды. Алғашқы қару-жарақтары ретінде гарпунды, қайықты (каяк) пайдаланды. Морж, итбалық, карибу бұғысы секілді жануарларға қоса жағалауға жақын жүрген киттерді аулауды да кәсіпке айналдырды. Оларда күмбезді баспана тұрғызуға құрылыс материалы жоқ болғандықтан үйді қардан жасайды. Соның ішіне өздері ұстаған жануарлардың, әр түрлі аңның терісін төсеп, мата орнына былғарысын пайдаланды. Тағам ретінде ет, балық және теңіз омыртқасыздарын пайдаланды.

Ғасырлар бойы осылайша жабайы тірлік кешкен эскимостар  солтүстік өңірлеріне саяхатшылардың сұғына кіріп, зерттеу жұмыстарын жүргізуіне байланысты бірте-бірте өздерінің тұрмыс жағдайларына, салт-дәстүрлеріне, кәсіби тұрғыдағы атқаратын істеріне жаңалықтар енгізе бастады. Жатжұрттықтардың ықпалы арқылы жаңадан тілдер үйреніп, өздерінің байырғы тілдерін де соған бейімдей жаңғыртты. Бір сөзбен айтқанда, эскимостар осыдан 5 мың жыл бұрынғыдай емес, қазір біршама ассимилияцияға ұшырап, тілдік қарым-қатынаста, күнделікті тұрмыста еуропалықтардың мәдениетіне біршама жақындай түсті.

Енді «эскимос» атауының қайдан шыққандығына қысқаша тоқталсақ, оның да этникалық қауымдастыққа сырттан телінген атау болғандығына көзіміз жете түседі. Өйткені, «эскимос» сөзі «эскиманциг», яғни, шикілей жейтіндер немесе шикі балықты пісірмей жейтіндер дегенді білдіреді. Қазір америкалық эскимостар арасында ғана емес, бүкіл мұзды өңірді мекендейтін этностық осы қауымдастық бір атау шеңберінде тіршілік етеді.

ХІХ ғасырдағы жатжұрттықтардың тікелей әсері эскимостардың өміріне де көптеген өзгерістер әкелді. Олардың тайпалық одақтары жөніндегі түсініктері архаизмге айналып, енді әрбір отбасы шыққан тегіне орай аталатын болды да, мекен еткен өңірлеріне орай аты-жөндері де өзгерістерге ұшырады. Кәсіптеріне де біршама өзгеріс енді. Аң аулау және балық ұстау секілді ата кәсіптен қол үзе бастаған бірқатар эскимос қазір еуропалық үлгідегі кәсіптерді таңдап, бірқатарлары әр түрлі оқу орнында білім алуға қол жеткізді. Солай дегенмен де Гренландиядағы эскимостар азық-түлікке пайдаланатын балық ұстаумен тікелей айналысады. Сонымен бірге осы жердегі эскимостар өңірді жаулап алған адамдардың жалдамалы жұмысшыларына айналды. Соның негізінде эскимостар арасында да ұсақ жергілікті буржуазиялық қоғамдар орныға бастады. Өздерін эсмикостар емеспіз, Гренландияны мекендейтін жеке халықпыз деп есептеген. Батыс Гренландиядағы эскимостар сонау ата-бабадан қалған мұраларын тәрк етіп, әр түрлі қолөнер кәсібімен де шұғылдануды дәстүрге айналдырды. Ал шығыс гренландиялық эскимостар аталатын ангмассаликтер болса, көне тұрғындармен, яғни, Еуропадан қоныс аударған жұртшылықпен тығыз қарым-қатынас орнатудың нәтижесінде тілі де, түрі де біршама өзгеріске ұшырап, өздерінің ата - тектерін де ұмыта бастады. Осылайша тайпалық одақ, этникалық қауымдастық түрінде ғұмыр сүріп келген көне эскимостар тілінен де, дәстүрінен де айырылып, бірте-бірте еуропалықтардың бір тұрпатты тұлғасы ретінде қалыптаса бастады.

Ал енді Ресейдің мұздақты өңірлерін мекендейтін эскимостарға келсек, осыдан он жыл бұрын жүргізілген санақтың қорытындысы бойынша қазір эскимостар саны 1750 адам болған көрінеді. Чукотка мен Врангел аралдарының шығыс жағалауындағы елді мекендерде тұратын чукчалармен қан араластырған эскимостар да біршама өзгеріс бар. Олардан туған балалар қазір көп ретте өздерін эскимоспыз деп атамай, орыс тілінде сөйлеуді дағдыға айналдырды. Солай дегенмен де басқа кәсіп болмағандықтан, ресейлік эскимостар негізінен аң аулаумен, бұғы өсірумен және балық ұстаумен айналысады. Сондықтан да Чукоткадағы эскимостар өздерін юктармыз, яғни, «адамдармыз» деп атайды да, біршама жақсы тұрмысқа кенелгендері «юиттіктерміз», «югыттықтармыз» немесе «юпиктерміз» – нағыз адамдармыз деп санайтын дәстүр қалыптастырды. ХҮІІІ ғасырда эскимостар бірқатар тайпалық одақтарға – уэлендіктерге, наукандықтарға, чаплиндіктерге, сирениктіктерге біріккен болатын. Олардың арасында да лингвистикалық тіл ерекшеліктері мен әдет-ғұрыптары арасында біршама өзгеріс болған еді. Кейінірек әр түрлі ықпалдың нәтижесінде бұл қарама-қайшылықтар жоғала бастады да, сол өңірдегі эскимостар бір мәдениетке, ортақ тілдік қарым-қатынасқа көшті. Теңіз жағалауындағы чукчалармен қарым-қатынас орнату салдарынан тілдеріндегі топтық ерекшеліктердің негізі сақталғанымен, бірте-бірте олар орыс тілінде сөйлеуді әдетке айналдырды.

Чукчалармен, коряктармен және ительмендермен қарым-қатынас орнату, некеге отыру нәтижесінде олардың арасында құрлықтық топтар, яғни, арктикалық нәсілдер пайда бола бастады. Сондықтан да олар өздерінің тынықмұхиттық монғолоидтық дәстүрлерінен біре-бірте ажырап, этностық ерекшеліктерін қалыптастырды.

Эскимостардың арғы тегін, тілдік қатынастарын, әдет-ғұрыптарын зерттеген ғалымдар замана ағымына орай олардың елеулі өзгеріске ұшырағандығын анықтаған болатын. Солай дегенмен де әрбір тайпалық одақтың өзіне тән тілдік қатынасы болғандығы ешқандай дау тудырмайды. 1848 жылы орыс миссионері Н.Тыжнов эскимостар тілінің алғашқы әліпбиін құрастырып жасаған болатын. 1932 жылы латын графикасының негізінде эскимостардың осы заманғы жазуының үлгісі қалыптастырылды. Осылайша эскимостардың алғашқы әліпбиі дүниеге келді. Бұл еңбек 1937 жылы орыс графикасының негізіне аударылды. Эскимостар арасында да поэзия мен прозалық шығармалардың үлгілері қалыптастырылып, жазба әдебиеті орныға бастады. Айвангу және өзге де авторлардың шығармалары эскимос және орыс тілдеріне аударылып, бүкіл Ресей жұртшылығына таратылды. Эскимостық белгілі ақын Ю.М.Анконың шығармалары Сібір өңірін жайлаған мектеп оқушылары арасында кеңінен оқытылып, баспа орындар арқылы кітап болып шығарылды.

Канададағы эскимос халқы өздерін «инуиттерміз» деп атайды. Солтүстік Батыс аумақтан ірге көтеріп, Нунавуд аумағына қоныс аударған эскимос халқы 1999 жылғы 1 сәуірде өз алдына дербес автономия құрып, өздерін-өздері билеу құқығына ие болды. Ал Лабрадор жарты аралындағы эскимостар да осы ықпалдың әсерімен автономияға қол жеткізді. Квебектегі эскимостар да өзінің автономиялық дербестігін сақтап қалуға ұмтылуда. Осылайша Канададағы эскимостар сонау ертедегі әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін қайта жаңғырта отырып, өздерінің де ертеде этностық топ болғандығын дәлелдеуге, соны орнықтыруға күш салуда. Мұнымен қоса инуиттер қазір Канада үкіметінің алдына нақты талаптар қоя отырып, аса ауыр ауа-райы жағдайында тіршілік етіп, жұмыс жасайтындықтарына орай үкімет тарапынан ресми төлем берілуін қатаң талап етті және оған ішінара қол жеткізді.

Америка Құрама Штаттарында юпик тілінде, инупият, юит тілінде сөйлейтін этникалық топтар тіршілік етеді. Әр топтың өз диалектикалық ерекшеліктері, наным-сенімдеріне орай қалыптастырған әдет-ғұрыптары болғандықтан, санақ жүргізген кезде жалпы эскимостарды ғана тізімге алумен шектелмей, тілдік ерекшеліктеріне қарай отырып, әрбір этникалық топтың құрамында қанша адам бар екендігін де анықтауға мүмкіндік туды. Юпик тілінде сөйлейтін адамдар саны қазір 24 мыңнан асса, инупият тіліндегілердің жалпы саны 20 мыңға жетіп қалды. Сонымен бірге Аляска штатында 48 мыңға жуық эскимос тұратындығы анықталды. Құрама Штаттардың жан-жақты қолдау көрсетуі, кәсіби шеберліктерін шыңдауына жағдай тудырулары нәтижесінде бұрынғыдай емес, қазір эскимостар аң аулау мен балық ұстаудың осы заманғы тәсілдерін меңгере бастады. Сонымен бірге жер-жерде ашылған мектептердің ықпалы нәтижесінде эскимостар арасынан да жоғары оқу орындарын түсіп, білім алған адамдар саны арта бастады. Соңғы дерек бойынша Калифорния штатында 1300-ге жуық, Вашингтон штатында 1300-ге таяу және Орегон штатында 600-ге таяу эскимостардың тұратындығы осы айтқанымыздың нақты дәлелі болғандай.

Эскимостардың табиғи құбылыстарға байланысты әр түрлі құдайға сенетіндігін, тосын апаттарға бас иіп, табынатындығын жоғарыда айтып өткенбіз. Өйткені, олар өздерін қоршаған ортадағы құдіретті күштің бүкіл құбылыс атаулыға ықпал жасайтындығына ерекше сенетін. Солай дегенмен де эскимостардың көпшілігі Жаратушы Сильяның құдіретіне табынады. Эскимостардың ұғымына сәйкес, жер бетінде болып жатқан құбылыстарға, әр түрлі апат пен жақсылық атаулының қайталанып отыратындығына осы Құдай көмектесетін болса керек. Ал эскимостарды теңіздегі байлыққа кенелтетін құдіретті күш иесі Седна деп аталады екен. Сонымен бірге олар құбыжықтарға, қауіп төндіретін қаһарлы күштерге де бой алдырады. Әрбір эскимос елді-мекенінде тұратын адамдар өз ортасынан шаман таңдап алады да, әртүрлі құбыжық иелерін аластатуға, соларды ел ішінен қуып шығуға осы шамандардың құдіретін  пайдаланады.

Ал енді ауқат жағына келсек, өсімдік атаулы болмағандықтан эскимостар негізінен ұстаған аңдары мен балықтарының еттерін қорек етеді. Сонымен бірге Тундра маңындағы екі-үш айлық жаз айларында өсіп шығатын шөптердің тамырларын, балдырларды және сирек болса да жидектерді ас мәзірі ретінде пайдаланады. Әрбір тағам дайындар алдында құдіретті күшке сыйынуды, содан рақымшылық күтуді дәстүрге айналдырған эскимостар дастархан басына отырмас бұрын әр түрлі рәсімдерді жүзеге асырады.

Автор: Секен Алдияр

Оқи отырыңыз:

Қар-мұз қонақүйі

Эскимостардың қасқыр аулау тәсілі 

Сурет: club.foto.rutheenvironmentalblog.org.

Н. Айдархан