Ғаламның ғажайып ақшалары #2

Ғаламның ғажайып ақшалары #2

Әлемнің біз білмейтін қыр-сыры көп. Оның кейбірі табиғат заңымен, енді кейбірі адам қолымен жасалған. Әйтсе де, адам баласы табиғаттан күш алып, оның берген сыйын тұтынып, тылсым байланысқа енеді. Сол секілді, табиғатнаның нәрі мен адам баласы ойлаған идеялар үндестік тауып, бір ғажайып дүние құрайды. Осындай ерекшеліктермен жасалған туындылардың бірі – тиындар. Ендеше, бірі жұпар аңқитын, бірі сөйлейтін ерекше тиындармен таныс болайық!

♣ Жұмақ иісі

Әлемдегі ең керемет тиындар – Палау аралында жасалған «Жұмақ иісі» деп аталатын тиындар. Бұл тиындардың ең алғашқы нұсқасында кокостың суреті бейнеленген және тиыннан сәйкесінше кокостың иісі шығады. Тағы бір ерекше түрі, толқындағы серфингші қыздың бейнесі нақышталған тиын. Ал бұл тиынның ерекше қасиеті – мұхиттың иісі cізді жағалауға шақырады.

♣ Камерун көбелегі

Күмістен жасалған мыңдаған Камерун франктерін небары үш жыл бұрын шығара бастаған. Нумизмат ғалымдардың (ақшаның шығу тарихын зерттеушілер) бағалауынша, әлемдегі ең әдемі тиын болып танылды. Тиында гүл мен гүлде қонған, әдемі қанаттары бар, үлкен көбелек бейнеленген. Бұл таңғажайып тиынның жасалу технологиясы асқан құпиялықпен сақталады. Камерун көбелегінің саны шектеулі – 2500 дана. Әр тиынның құны – 149.99 АҚШ доллары.

♣ Сөйлейтін тиын

Моңғол тиындарының ішінде Джон Кеннедидің суреті кескінделген 50 тугриктер сирек кездеседі. Бірақ, моңғол тиынында АҚШ президенті не үшін тұр деп ойлайтын шығарсыз? Алайда, таңғалатын тұсы Джон Кеннедидің бейнесі емес. Тиында бір тетік бар. Тиын иесі қолындағы тиынның сол кішкентай тетігін  басса, Америка президентінің «Мен берлиндік болғаныма мақтанамын» деген даусын ести алады.

♣ Оққа ұқсайтын тиын

XVIII ғасырда Тайландта, шамамен, екі жүз жыл бойына мынадай тиындар пайдаланылған. Олар кішкентай кедір-бұдырлы, күмістен жасалған шарларға немесе оқтарға ұқсайды. Ең қызығы, тиындарда ханның аты мен оның әулеті жазылған.

♣ Ағаштан жасалған тиын

Конго Республикасында 2005 жылы заңды түрде ағаштан жасалған тиындар айналымға ене бастаған. Тиындарды үйеңкі ағашының жапырағынан жасаған екен. Оған қоса, тиынды жасаушылар әлеуметтік ой қозғайды. Яғни,  жануарларды қорғауды насихаттау негізінде ағаштан жасалған тиындардың бетіне аңдардың бейнесін кескіндеген.

♣ Талшықтан жасалған тиын

1944-1945 жылдары Жапонияның Маньчжурия ауданында қызыл-қоңыр түсті талшықтардан жасалған тиынды қолданған екен. Тиындардың талшықтан жасалу себебі, сол кездерде металл бұйымдар тапшы болыпты. 

♣ Метеорит тиыны

Бұл он долларлық тиын 2012 жылы шығарылған. Ол «Ғарыш шары» деп аталады. Бұл тиынның ерекшелігі – құрамында 2002 жылы 6 сәуір күні Баварияға құлаған метеориттің бөлшегі бар. Тиын күмістің 999 сынамасынан жасалған және 999 таралыммен шыққан.

♣ Орал үкісі

Моңғолияның ұлттық банкі сегіз жыл бұрын, жоғалып кету қаупі бар жануарлардың суреті кескінделген тиындар шығарды. Осы тиындар бүкіл әлемдегі халықтың ыстық ықыласына ие болады. Оның бір түрі – 2011 жылы жасалған Орал үкісінің суреті бейнеленген тиын. Ол таза күмістен, ал онда бейнеленген үкінің көзі Сваров кристалынан жасалса керек. Ол қазір 1,5 АҚШ долларынан 3 мың АҚШ долларына дейін бағаланады.

♣ Динозавр қаңқасы

Нумизматика нарығындағы соңғы таңғаларлық жаңалық – динозавр қаңқасы бейнеленген тиын. Бұл тиынның қалдықтары Альберта провинциясына таяу жерден табылған. Егер, жарықты жағып қалсаңыз, тиынның бір жағынан бірден динозаврдың емес, бұрынғы белгілі бір алып жануардың сүйегін көргендей боласыз, ал екінші бетінен ІІ Елизаветаның суреті бейнеленген. Бір қызығы, ІІ Елизавета бейнеленген жағы аса қатты жарқырамайды екен. Бұл канадалық тиын 25 центке бағаланып отыр.

♣ Сикстин капелласы

Өзгеше тиынның бір бетінде Микеланджелоның суреттеріндегідей Елизавета патшайымның бейнесі, ал екінші бетінде Құдай мен Адам Атаның суреті кескінделген. Олардың ұзын саны 999 дана. Бұл тиындар заңды банкнот ретінде де, тиындар ретінде де саналмаса да, өмір сүруге құқылы. Өйткені, бұларда тарих жатыр.

♣ Қасиетті тиын

2007 жылы Палау аралында күмістен жасалған құны 1 АҚШ долларын құрайтын тиын шығарылған. Оның ерекшелігі, тиында палаулықтар қасиетті деп бағалайтын судың азғантай бөлігі бар.

♣ Әлемдегі ең үлкен тиын

Америкалық суретші әрі мүсінші Стэнли Уиттен бір уақытта әртүрлі сипат бойынша (көлемі, салмағы, құны бойынша) рекорд орнатты. Құны бір миллион болатын тиын Канада Ұлттық банкінен шығарылған. Оның бір бетінде Канаданың символы ретінде үйеңкі жапырағы бейнеленсе, екінші бетінде –  ІІ Елизаветаның бейнесі суреттелген. Тиынның салмағы – 1 центнер (100 кг) және таза алтыннан жасалған. Бұл тиынның тек 15 данасы ғана бар, олар жеке коллекцияда сақталған.

♣ Ең қымбат тиын

Бұл тиын ХХ ғасырдың отызыншы жылдары жасалған екен. Оның құны 20 доллар болса да, 2008 жылы Нью-Йоркте өткен бәссаудада 7 миллионға сатылған. Алайда, бұл тиынның иесі өзінің атын жарияламауды жөн көріпті.

 Ең жеңіл тиын

Әлемдегі ең жеңіл тиын – Непал тиыны. Ол 1740 жылы күмістен жасалған. Ал оның салмағы – 0,002 грамм.

Ерекше тиындарды тамашалап, таңқалған боларсыздар?! Байқасаңыздар, бұл тиындар дөңгелек пішінді. Ал, келесі жазбамыз өзгеше формалармен жасалған тиындарға арналады. Қалыс қалмаңыздар...

Сурет: uklon.com, lifeglobe.net, dengodel.com

Оқи отырыңыз:

1. Ғаламның ғажайып ақшалары

2. Ақша үнемдеудің сегіз тәсілі

3. Ғаламның ғажайып көріністері

4. Ақша жайлы 13 толғам

Е. Жұмабайұлы