- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Әйгілі Галикарнас кесенесі...
Әйгілі Галикарнас кесенесі
Біздің заманымызға дейін 4 ғасырда Карияны билеген Мавсол патша египеттік фараондар секілді тірі кезінен бастап-ақ өзіне мазар салуды қолға алады. Қаладағы сарайлар мен ғибадатханалардың ортасында орналасқан бұл кесене патшаның атағын, абыройын көрсетеді. Құрылысты салуға атақты сәулетшілер мен мүсіншілер Пифий, Сатир, Леохар, Скопас, Бриаксид, Тимофей тағайындалады. Мавсол патша дүние салған соң, кесене салуды оның әйелі Артемисия патшайым жалғастырады.
Құрылыс біздің заманымызға дейін 350 жыл бұрын аяқталды. Оның сыртқы бейнесі сол кездегі үздік сәулет үлгілерінің біріне жатады. Кесене 3 қабаттан тұрады. Бірінші қабат мәрмәр жалатылған кірпіштен салынған. Екінші қабатта ғибадатхананы төбесімен жалғастыратын 36 бағана бар. Жоғары бөлігінде 4 атты арбада отырған Мавсол патша мен оның жұбайының мүсіні орналасқан. Тағы бір айта кететін жайт, мүсіннің айналасында ежелгі грек жырларында кездесетін амазонкалар соғысы, лапифтердің кентаврлармен соғысы бейнеленген. Кесененің атағы жер жарғаны соншалық, ғалымдар оны ерте замандағы 7 кереметтің қатарына қосады.
18 ғасырдан кейін кесене Түркияда болған жер сілкінісінен қирайды. Түріктер осы жерді иемденген соң, бұнда қазіргі Бодрум бекінісі салынады. 1857 жылы қазба жұмыстары жүргізіліп, кесене орнынан Мавсол мен Артемисияның және олар отырған арбаның мүсіні табылады. Қазіргі таңда бұл ескерткіштер Британ ұлттық мұражайында сақтаулы.
Сурет: rustudent.com
Ж. Исакаев