- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Бәрімізге жетіспейтіні –...
Бәрімізге жетіспейтіні – бір мейірім...
Күнделікті күйбең тіршілік пен қара басымыздың қамын ойлап, айналамыздағыларға көңіл бөлмейміз. Кейде бейбақтарды көргенде, ішімізден, «қолым ұзарып, байығанда көмектесермін» деп ойлаймыз. Ал, жақсы іс жасау үшін, әуелі, қалтаңызда миллиондаған ақша емес, жүрегіңізде кішкентай ғана мейірім болу керек. Бұл сөзімізге өмірде болған мына оқиғалар дәлел бола алады.
Бүгінде 99 жастағы кейуананың мына ісі бүкіл адамзат баласына үлгі болды. Кәрі әжей қартайып, қалжыраса да, күн сайын мұқтаж балаларға арнап көйлек тігеді екен. Бұл мейірімді кәрі әжейдің есімі – Лилиан Вебер. Африкадағы бір жапырақ шүберекке зар боп жүрген қыз балаларға арнап әдемі көйлек тігеді. Жасы 99-ға келген әжей күніне бір-бірден 840 көйлек тіккен және өзінің 100 жас мерейтойына дейін 1000 көйлек тігуді мақсат етіп отырған көрінеді. Ал, сіздің мақсатыңыз қандай?
Константинос Митсис – «Mitsis Hotels» қонақүйлер желісінің қожайыны, Грекиядағы ең бай және лауазымды тұлғалардың бірі. Сонымен қатар, ол өте қарапайым, көпшіл азамат. Ал, мына оқиғадан кейін оның шексіз мейірімділігіне көз жеткіздік.
Митсистің қонақүйіне тұрақтаған туристер «Лабиринт» туристтік оператордың банкротқа ұшырау себебінен, елдеріне қайта алмай қиналған. Бұны білген Константинос оларды өз қонақүйінде ұшу күніне дейін ойланбастан тегін жатқызады. Қонақүйде туристтердің «Митсис мырзаның» жеке қонақтары болғаны және Грекияға келгендері үшін рахмет айтылған хабарландыру ілінген. Мұны көрген туристер алғашында, тіпті, сенбеген екен. Әлемде жүрегі мейірім жылуына толы жандардың бары кім-кімді де қуантатыны анық.
Мейірімді болыңыз, мейірімді болайық!
Сурет: adme.ru, ayda.ru.
Е. Жұмабайұлы