- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Құмар ойындарындағы қомақты...
Құмар ойындарындағы қомақты ұтылыс
Америкалық миллионер Теренс Ватанабе құмар ойыны бойынша әлемдегі ең қомақты сомманы уысынан шығарып, рекорд орнатқан. Теренс бір ойын ішінде 5 млн, бір жылда 127 млн, ал ойнаған уақытынан бері 200 млн АҚШ долларын ауаға шашыпты.
XX ғасырдың 30-шы жылдарында оның отбасы Жапония елін тастап, Америка Құрама Штатына көшіп барады. Мұнда әкесі «Ориентал Трэйдинг Ко» деп аталатын шағын компанияның негізін қалайды. Кейіннен ол қарындасы екеуі мектепті тәмамдап, әкесінің қармағында жұмыс істейді. Жасы жиырманы алқымдап қалған Теренс жапон дәстүрі бойынша әкесінің компаниясын өз басшылығына алу керек болады.
Уақыты келе Теренс өзінің жиған-терген білімі мен бос уақытын осы компанияға жұмсап, ерен еңбек пен қажырлы күштің арқасында кішкентай компанияны жылына 300 млн АҚШ доллары есебінде табыс табатын алып компанияға айналдырады. Мұндай қомақты нәтижеге қол жеткізгеннен кейін миллионер барлығынан зеріккен болуы керек, 2000 жылы «Ориентал Трэйдинг Ко» компаниясын сатылымға шығарады.
Ол өзі бұған дейін ерік бермеген дүниелерге сүйсіне бастайды. Біраз уақытқа дейін филонтроптық жұмыстармен шұғылданып, мейрамханларға жиі-жиі бас сұғып тұрады. Осы жүрісімен тағдыр тауқыметі оны түбінде құмар ойынға да жолықтырады.
Оның ең алғашқы ұтылысы Wynn Casino-да басталған. Онда Теренс 21 млн доллар жоғалтқан. Теренс казинода жүріп әртүрлі қымбат ішімдік тұтынып, ішкі әлсіздігіне ерік береді. Қалтасындағы бар ақшасын ұтылғаннан бөлек казино қызметшілеріне оңды-солды 100 долларлық банкнот таратқан. Казино басшылары ойынды тоқтату үшін оған ішімдік сусынын ұсынып, ұтылыс кезінде арнайы жеңілдіктер жасаған. Тіпті олар жеңілдік ретінде 15% ұтылған қаржысын қайтарып берген екен.
Теренс тек екі ғана казинода 112 млн доллар ұтылған. Сөйтіп Лас-Вегас қаласындағы Harrah’s казиносына 5,6% пайда әкеліпті. Аяғына таман миллионер тақырға отырып, 15 млн доллар қарызын өтей алмай ойынханамен араздасады. Ол қарызын 2009 жылдың аяғына дейін созып, соңында казиномен бір шешімге келіп 1,5 млн доллар төлеген.
Оқи отырыңыз:
Франция мақтанышы – Маркессак бақшасы
Лондон қаласында желпілдеуіш көпір салынды
60 метр биіктікке атқылайтын гейзерді тамашалаңыз
Неге Еуропа мен Америка елдерінің hi-tech кәсіпорындары тап Қытай елінде орналасқан?
Сурет: bogataya-merry.livejournal.com
Н. Нұрмаханұлы