- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Махаббат трагедияларының куәгері...
Махаббат трагедияларының куәгері – Афродита шыңы
Кипрдің өзі керемет жер ғой және онда керемет құздардың болмауы мүмкін емес. Соның бірі – бүгін әңгімемізге арқау болатын Афродита шыңы.
Мұнда келетін туристердің көпшілігі – қол ұстасқан ғашықтар. Себебі, шыңның ежелгі грек мифтерімен тығыз байланысы бар. Дәл осы жер көптеген махаббат трагедияларының куәгері болған. Аңыздарда шертілетін Афродита осы жерден шыққан деген алып-қашпа әңгімелер де бар.
Жергілікті тұрғындар жардың адам бейнесіне ұқсайтындығын жиі айтады. Тастарға мұқият қараған кісі сұлудың бет әлпетін, иығын, желбіреген шаштарын көреді екен.
Көптеген саяхатшылар аймақтың сұлулығын айтып жеткізу үшін сөз таба алмай жатады. Кипрліктер Афродита шыңына қол тигізген аруларға арманыңыздағы ханзадаңыз жолығады, махаббат сезімін бастан өткересіз деп сендіреді.
Пафосқа жасалған ешбір экскурсия Афродита шыңына соқпай өтпейді. Бұл тау Лимассол таулы аймағына жақын жерде орналасқан.
Шыңға жақын жерде таңғажайып жағалау бар. Ымырт кезде немесе аспаннан ай көрінгенде теңіз түсі ерекше бола түседі.
Айта кетейік, Афродита жағалауы жылдың кез келген маусымында ашық және тегін қызмет көрсетеді.
Гректер бұл шыңға «Petra tou Romiou» деген екінші ат берген. Бұл атау византиялық күзетшінің құрметіне қойылған. Күзетші ертеректе осы жердегі қарақшылардың қолынан сүйген қызын құтқарған екен.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: byaki.net