39 шақырым биіктіктен еркін құлау (видео)

39 шақырым биіктіктен еркін құлау (видео)

Осыдан бір жылдан аса уақыт бұрын аустриялық парашютші Феликс Баумгартнердің стратосферадан секіріп, әлемдік рекорд орнатқаны естеріңізде болар. Red Bull Stratos жобасының аясында орын алған ғажайып оқиғаны сол кезде тікелей эфирден әлем бойынша сегіз миллионнан аса адам тамашалаған еді. Енді міне арада бірнеше уақыт өткеннен кейін жобаның ұйымдастырушылары сол кезде тіркелген әлем рекордының қалай орын алғандығын спортшының денесіне бекітілген камералар арқылы түсіріп алып, оны YouTube видеоресурсына жүктепті. Яғни көрермендерге сол ғажайып сәт көрсетілген видеоны басқа ракурстан тамашалаудың мүмкіндігі туып отыр.

Енді көрермендер парашютшінің стратосферадан Жерге қарай жасаған сапарын басынан аяғына дейін толық көре алады. Сондай-ақ видеода Баумгартнердің құлау кезінде басқарылмайтын, шамадан тыс бей-берекет айналысқа тап болған сәті де көрсетілген. Мамандар әдетте мұндай жылдамдық кезінде адамның көзі шығып, миының тамырлары жарылып кететіндігін айтады. Алайда осы тарихи оқиға үшін бірнеше жыл бойы тыңғылықты дайындық өткізген кәсіпқой спортшы Феликс Баумгартнердің бірде-бір жеріне зақым келмеген.

Феликс Баумгартнердің есімі тарихқа 2012 жылдың 14 қазаны күні стратосферадан (Жерден 39 шақырым биіктікте) жасаған секірісінен кейін енген болатын. 43 жастағы парашютші осы ерлігінің арқасында бірнеше әлем рекордының мұртын бұзды. Олар: парашютпен ең биік нүктеден секіру, ең биік нүктеден еркін құлау және еркін құлаудың ең жоғары жылдамдығы (Феликс Баумгартнер сол кезде Жерге қарай сағатына 1342,8 жылдамдықпен еркін құлаған еді. Ал дыбыстың жылдамдығы 1200 шқ/сағ екенін ескерейік). 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет 

Сурет: youtube.com

Б. Қосмағамбет