Сапарда қажет болатын дәрі-дәрмектер

Сапарда қажет болатын дәрі-дәрмектер

Кез келген сапарға шыққанда өзіңізбен бірге қажетті дәрі-дәрмектерді алғаныңыз жөн. Шабаданыңыздың кішкентай қалтасына дәрі қобдишасын салып қойыңыз.

Саяхат кезінде басқа уақытқа үйренуге тура келеді. Уақыттың ауысуының салдарынан кез келген жан өзін жайсыз сезінеді. Сағат тілімен қатар, температураның өзгеруі, климаттың өзгешелігі, жергілікті тағамдар т.с.с. барлығы денсаулыққа әсер етеді. Кері әсері тиген кезде, амалсыздан медициналық көмекке жүгінуге тура келеді. Алайда, көптеген елдердің дәріханалары дәрі-дәрмектерді арнайы дәрігердің рұқсат қағазының негізінде ғана сатады. Одан қалса, шет тілінде жазылған дәрі-дәрмектер күмән туғызуы мүмкін. Сондықтан да, дәрі қобдишасына өзіңізге керекті дәрі-дәрмектерді салып алыңыз. Бұл сіздің уақытыңыз бен ақша-қаражаттарыңызды үнемдейді. Ал ең бастысы, денсаулығыңызды сақтап қалуға жол береді.

Дәрі қобдишасына мына дәрі-дәрмектерді салып алғаныңыз жөн:

  • Темпалгин, Спазмалгон, Анальгин сияқты дәрілер бас және тіс ауруына шипа.
  • Аспирин я Парацетомолды температура көтерілген кезде қолдану керек. Балаларға арналған Эффералган дәрісін ұмытпаңыз.
  • Жергілікті тағамдар мен сусындар асқазанға нұқсан келтірген жағдайда Мезим, Фестал дәрілерін қабылдау керек.
  • Диарея мазаласа, Имодиум, Энтеросептол, Фуразолидон дәрілерін пайдаланған жөн.
  • Кез келген дәрі қобдишасында жүрек ауруына қарсы дәрі-дәрмектер болуы керек. Тіпті, жүрек ауруына шалдықпасаңыз да, Валидол не Валокордин дәрілерін алып алыңыз. Бұл дәрілер стресс кезінде көмекке келеді.
  • Жәндіктердің шағып алуы немесе жергілікті тағам салдарынан ішкі және сыртқы аллергиялық реакция кезінде сізге Тавегил, Супрастин, Диазолин қажет болады.
  • Суық су ішіп, тамағыңыз ауырған жағдайда, Анти-ангин, Декотилен дәрілерін қабылдаңыз.
  • Йод, көк дәрі сұйығы (зеленка) дәрілері жарақат кезінде көмекке келеді.
  • Эластикалық бинт, пластырь, таңғыш заттар дәрі қобдишасынан орын алу керек.
  • Созылмалы ауруға шалдыққан жолаушы өзімен бірге дертіне қарсы дәрі-дәрмектерді алғаны жөн. Денсаулығы сыр бере бастаған бойда, уақытында қабылдауы керек.
  • Саяхатқа шықпас бұрын, алдын ала баратын мемлекеттің ауа-райы, тағамдар мен сусындарының ерекшелігін біліп алыңыз. Содан кейін өз дәрігеріңізбен кеңесіп, оның нұсқауы бойынша дәрі қобдишасына керекті дәрі-дәрмектерді салып қойыңыз.

Алыс жолға шықпасаңыз да, күнделікті өмірде қажет болып қалатын дәрі-дәрмектерді сөмкеңізге салып жүруді ұмытпаңыз.

Суреттер: tutznayka.ru, o-samom-glavnom.tv 

Ғ. Ұзақ