Санаға сыймас ғажайыптар

Санаға сыймас ғажайыптар

Есте жоқ ерте замандардан бері адам баласы небір ғажайыптарды қолымен тұрғызып, өрнектеп, безендіріп, сәндендіріп, ақылға сыймастай етіп жасап, келешекке мұра етіп қалдырған. Алайда, Табиғат Ана дүниеге әкелген кереметтерге, оның құшағынан шығатын ғажайыптарға олардың ешбірі де жетіп көрмеді, тіпті, таласқан да емес.

Ағын сулардың қатты екпінінен түрлі үңгірлер мен шатқалдар, небір сарқырамалар пайда болды. Жер асты тектоникалық бөліктерінің қозғалуы мен жанартаулардың атқылауы нәтижесінде биік таулар құралып шықты. "Әлемтану" айдары бұл сөзіміздің растығын өздеріңізге күн өткен сайын дәлелдеп келеді. Бірақ, ол кереметтердің түбіне әлі ешкім де жетіп көрмеген болар. Табиғат деген шексіз емес пе.?

Бүгінгі жазбамыз тағы да табиғатты таныту мақсатында жазылып отыр, яғни, ең сұлу әрі ең ғаламат табиғи құбылыстарға арналады.

Құмды дауыл

Құмды дауылды сұлу құбылыс деп айтуға ауыз бармайды, бірақ, тым әсерлі әрі дүрліктіргіш дүние екендігіне ешкімнің таласы жоқ болар. Құмды дауылды өз көзімен көрген пенде Табиғат күшінің қаншалықты жойқын екенін мойындай түседі. Алайда, біздер құмды өлкеде тұрмағандықтан бұл көріністен мақұрым қалып отырмыз. Баз біреулердің "Әәәә, құмды дауыл ма?" деп менсінбей қарауы мүмкін. Асылында, мұндай боранда адамның тұншығып өліп кетуі мүмкін. Тарихта ондай жағдайлар аз болмаған. Жыл сайын Сахара шөлінен 40 млн. тонна құм Амазонка шөліне көшеді екен.

Солтүстік шұғыласы


Табиғаттың бұл ерекше құбылысын жердің солтүстік және оңтүстік полюстерінен бақылауға болады (қазір ауаның ластану әсерінен жер шарымыздың солтүстік бөліктерінен ғана анық көруге мүмкіндік бар). Аспандағы ашық түсті алуан түрлі ұшқындар мен жарқылдар магнит өрісінің күн сәулесін өзіне тартуынан пайда болады.

Отты құйын (торнадо)

Жалпы, құйынның өзі - қорқынышты құбылыс. Ал оған отты қосатын болсаңыз, не болатындығын өзіңіз ойлай беріңіз. Мұндай құбылыс өрт болып жатқан жерде орын алады. Өрттің жекелеген ошақтары бір үлкен алауға біріккенде ауа қысымы қатты көтеріліп, жоғарыға қарай лаулай бастайды. Құйын тудырған ыстық ауаның шапшаңдығын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Жарқын тіреуіштер

Аталған табиғи құбылыс отты құйын секілді сирек кездеспейді. Жарқын тіреуіштер солтүстік шұғыласы сынды көрікті жаратылыс. Мұндай тіреуіштер ауа температурасы 20 градустан төмендегенде пайда болады. Дәл осындай температурада бұлттар мұзды кристаллдар түзе бастайды да, атмосфераның төменгі қабаттарында күнмен шағылысады. Әдетте, кристаллдар жерге жетпей жатып буланып кетеді екен.

Су ұйығы (иірімі)

Табиғат туған тағы да бір құбылыс - су ұйықтары. Олар көбіне қайтқан және толысқан толқындардың соқтығысуынан пайда болады. Иірімдегі су қимылының жылдамдығын есептеу мүмкін емес. Тіршілік иесінің жұтылып кетуі ғажап емес. Көптеген ғалымдар су иірімдерінің кемелер үшін қауіпті екендігін жиі ескертіп жатады, дегенмен, тарихта ұйыққа құрбан болған кемелер тіркелмеген.

Күннің тұтылуы

Күннің тұтылуы - өте жиі қайталанатын қызықты құбылыс. Бала күніңізде "қара күнді" талай рет тамашалағандығыңызға сенімдіміз. Дегенмен, оны дүниенің кез-келген бұрышынан көруге болмайтындықтан, әлем халықтары мұны сирек орын алатын құбылыс деп ойлауы мүмкін. Ол айдың қимыл-әрекетінің (Күн табағынан өткенде) нәтижесінде пайда болады. Айдың Күнге қарағанда жерге жақын орналасу себебінен (400 есе) күн бетін толықтай жабуға мүмкіндігі бар.

Екі жағы томпақ бұлттар

Бұл ғылымда бірнеше онжылдықтар бұрын ашылған құбылыс. Ғылымдағы атауы - “Lenticular mammatus”. Олар көбіне ұшатын табаққа ұқсас келеді. Екі жағы шығыңқы бұлттар соңғы рет осыдан 30 жыл бұрын көрінгендіктен әлі де толық зерттелмеді. Алдыңыздағы сурет 2005 жылы АҚШ-тың Джоплин қаласында түсірілген.

Шар тәрізді найзағай

Әртүрлі пішіндегі қарапайым найзағайды айтып ешкімді таңдандыра алмаспыз. Таныстырғымыз келгені, шар тәрізді найзағайлар немесе ғылымда "отты шар" аталып жүрген табиғи құбылыс еді. Мұндай найзағай өте сирек кездеседі. Зерттеушілердің айтуынша, физика заңдарын басып өтетін мұндай екі шарға қарапайым 1000 найзағай татиды екен. Құбылыс себебі әлі де зерттелмеген. Олардың түсі - сары немесе қызыл болып келеді. Олар ауада бірнеше секунд тұрақтап, ғайып болады.

Лавалы өзендер

Әдетте лаваны (жанартаудан атылып шығатын балқыған отты сұйық зат) жанартаудың атқылауынан кейін ғана көруге болады. Сөйткенмен, лавасы жер үстінде ағып жатқан өзендер бар екен. Жер шарында ондай бес өңір бар. Аталған өзендер планетамыздың ядросымен тығыз байланысты. Қас қарайғанда өзендер жылтырап жатады.

Түн шамы

Бұл планетамыздағы ең тамаша теңіз ғажайыбы болар. Құбылысқа себеп болып отырған - “Noctiluca scintillans” аталатын өте майда ағзалар. Олар теңізді "Лазерлі шоуға" айналдырып жібере алады. Жәндіктер бір жерге жиналғанда оларды ғарыштан да бақылауға болады. Қысқасы, мына кереметті суреттеп беру мүмкін емес.

Ал сіз қай құбылыстың куәгері атандыңыз?

Суреттер:astronet.ru,o6oi.ru,bochkavpechatleniy.com,travell.mybeautylife.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева