- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Лондонға саяхат: туриске...
Лондонға саяхат: туриске арналған маңызды кеңестер
Лондон – тамаша қала, сонымен қатар әлемнің бүкіл саяси элитасы ғана емес, бизнесмендер ұмтылатын әлемдегі ең қымбат мегаполистің бірі. Лондонда саяхаттау – көне заманмен, терең тарихпен, сондай-ақ бүгінгінің жетістіктерімен байланыста болу мүмкіндігін береді.
Лондон қонақ үйлері сізді кез келген қаларалық турист үшін жеткілікті жоғары қызмет көрсету деңгейімен таң қалдырады.
Лондон бес халықаралық әуежайы мен үлкен порты бар халықаралық көлік торабы. Англия астанасы әлемдегі ең ірі авиациялық орталық болып саналады және оның негізгі әуежайы Хитроу басқа әуежайларға қарағанда халықаралық және ішкі жолаушыларға көбірек қызмет көрсетеді.
Лондон ғасырлар бойы туристердің сүйікті орны. Мұнда көптеген көрікті жерлер мен ескерткіштер бар. Бұл жерден Парламент үйлері, Тауэр көпірі, Лондон мұнарасы, Вестминстер аббаттығы, Букингем сарайы және Темза жағалауындағы атақты Лондон «көзін», сондай-ақ Ұлттық мұражай мен Британ мұражайы сияқты әйгілі орындарды көре аласыз.
Лондонға саяхаттау үшін виза керек
Лондонға виза алу үшін құжаттар пакетін толтыру қажет. Елшіліктің сізге рұхсат беруі құжаттардың қаншалықты дұрыс толтырылғанына байланысты. Онлайн сауалнама толтыру кезінде қате жібермеу маңызды. Сауалнаманы мына жерден толтыруға болады.
Виза үшін:
• Жарамды төлқұжат;
• Бұрынғы визалардың көшірмелері (бар болса);
• Онлайн сауалнаманы толтыру керек. Бұл жерде сіз жеке ақпараттарыңызды толтырып, берілген сұрақтарға ағылшынша жауап бересіз;
• Қонақүйді брондау (мына жерден брондауға болады);
• Әуе билеттерін екі жаққа брондау;
• Лауазымы, жалақысы және жұмыс кезеңі көрсетілген компанияның бланкісінде жұмыс орнынан анықтама (ағылшын тілінде немесе ағылшын тіліне аударылған);
• Компанияның бланкісінде соңғы 6 айдағы жалақы туралы анықтама (ағылшын тілінде немесе ағылшын тіліне аударылған);
• өз кәсібінің иелері үшін: жеке кәсіпкерді немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тіркеу туралы анықтама, салық берешегінің жоқтығы туралы анықтама (ағылшын тілінде немесе ағылшын тіліне аударылған);
• Оқушылар мен студенттер үшін: оқу орнынан анықтама (ағылшын тілінде немесе ағылшын тіліне аударылған);
• Зейнеткерлер үшін: зейнетақы куәлігі (ағылшын тілінде немесе ағылшын тіліне аударылған);
• Тұру күніне 100 еуро мөлшерінде қаражаттың болуы туралы банктен анықтама (ағылшын тілінде немесе ағылшын тіліне аударылған);
• кейінгі 6 айдағы шот бойынша үзінді көшірме;
• Жеке құжаттардың көшірмелері: неке / ажырасу туралы куәлік, кәмелетке толмаған балалардың туу туралы куәлігі (ағылшын тілінде немесе ағылшын тіліне аударылған);
Туристік виза 116 доллардан басталады және тапсырғаннан соң кем дегенде 15 күн ішінде беріледі. Егер жедел виза алғыңыз келсе 956 фунт стерлинг төлейсіз. Бірақ оның жеңілдетілген түрі (квота) бар. Оның саны шектеулі. Бағасы 250 фунт стерлинг. Жеңілдетілген түрін алу үшін таңғы 06:00-дан бастап сауалнама тотырылған сайтты жаңартып отыру қажет. Жедел виза 5 күн ішінде беріледі.
Букингем сарайы
Лонданда саяхаттау қымбат па?
Ұлыбритания астанасын әлемдегі ең қымбат қалалардың бірі дейді. Дегенмен, ізденімпаз әрі тәуелсіз турист үшін Лондонда тиімді де тамаша уақыт өткізу қиынға соқпайды. Ол үшін сіз метро мен автобуста жүретін карта сатып алсаңыз болады.
Сондай карталардың бірі – Oyster Card. Бұл метро, автобус, трамвай, пойыз, су автобустары мен аспалы көліктерге арналған электронды әмиян. Бұл картамен саяхаттау билеттерді қолма-қол төлеуден екі есе арзан. Картаның өзі 7 фунт стерлинг тұрады.
© sv.blazetrip.com
Қайдан сатып алуға болады?
Oyster картасын онлайн режимінде (егер сіз Ұлыбританияда болсаңыз), арнайы сауда нүктелерінен, Tube, Skytrain және TfL теміржол станцияларында, таңдаулы DLR және Ұлттық теміржол станцияларында, туристік ақпарат орталықтарында және Кройдондағы Tramlink кеңсесінде сатып алуға болады.
Картаны жоғарыда аталған сауда нүктелерінде, фирмалық билет автоматтарында, аспалы көлік терминалдарында, сондай-ақ iOS және Android үшін қолжетімді ресми мобильді қосымша арқылы толтыруға болады.
Oyster картасы жеке емес және оны басқа адамға беруге болады, бірақ екі адамның бір картаны бір уақытта пайдалануына болмайды.
Бұл картаның бір күндік немесе бір апталық тарифтері бар. Зоналарға қарай бір күнге 5,20 фунт стерлинг, бір аптаға 20,90 фунт стерлинг төлейсіз.
Лондон арзан қала емес екеніне қарамастан, мұнда көптеген қалалық турлар тегін. Келесі ұйымдар қаламен мүлдем тегін танысуды ұсынады: Footprints tours, Free London walking tours, Free tours of London Sandeman’s New Europe Tours, Alternative London ұйымдарының сайттарында кесте мен нақты мекенжайды таба аласыз.
© planetofhotels.com
Тегін мұражайлар
Сіз қазір таң қалуыңыз мүмкін, бірақ Лондонның мемлекеттік мұражайларына кіру тегін.
Лондонның бұрын қандай болғанын білу үшін уақыт машинасының болуы міндетті емес – жай ғана осы мұражайға келіңіз және қаланың көп ғасырлық тарихында басынан өткен өзгерістерді көрсететін тамаша экспозицияны көріңіз.
Ұлттық галереядағы Ванг Гог картинасы
Ұлттық галерея. Ұлттық галерея 1856 жылы ашылған, содан бері залдарында аты аңызға айналған шеберлердің әсерлі картиналарын жинаған. Мысалы, дәл осы жерден Шекспирдің әйгілі портреті мен Клод Моненің, Ванг Гогтың картиналарын тамашалауға болады.
Виктория мен Альберт мұражайы. Тағы бір рекордты мұражай. Бұл әлемдегі ең үлкен өнер және дизайн мұражайы және 3000 жылдан астам тарихтың керемет жәдігерлерін жинаған. Тұрақты көрмеден басқа, мұражайда кез келген адам қатыса алатын ашық дәрістер мен семинарлар жиі өткізіледі.
© tournavigator.pro
Лондондағы базарлар
Лондондағы базарлар мұражайлар сияқты өте танымал. Әрқайсысының өзіндік ерекше сиқырлы атмосферасы бар және олардағы сауда британдық мәдениетпен және күнделікті өмірмен байланысты.
Гринвич базары – антиквариат пен көкөніс қатар жүретін Еуропадағы ең көне базарлардың бірі.
Боро базары – Еуропадағы ең жақсы нарықты ұсынатын базардың бірі.
Камден – бұл үш базар бір орында түйісетін аймақ, бұл жерге туристер әдетте киім-кешек үшін келеді.
Портобелло – бұл барахолка мен сәнді бутиктердің біртүрлі қоспасы, мұнда сіз кез келген талғамға сай тауарларды таба аласыз.
Тағы бір айта кетерлігі, Лондонға саяхаттап барғасын оның әйгілі Оксфорд-стрит (Oxford Street) көшесінде орналасқан сауда орнындарын аралау керек.
© timeout.com
Лондондағы саябақтар
Лондон өзінің сүйкімді саябақтарымен танымал, мұнда сіз еркін келіп, пикник жасай аласыз. Орталықтан алыстағыңыз келмесе Грин-парк (Green Park), мың жылдық тарихы бар Гайд-парк (Hyde Park), Кингстон бақшасына бара аласыз.
© mosta2bal.com
Лондон сити
Лондон сити— "қала" мәртебесі бар әкімшілік-аумақтық құрылым, Үлкен Лондон орталығындағы салтанатты округ, Лондонның тарихи өзегі, ежелгі Рим қаласының Лондиниум негізінде құрылған.
Лондиниум (лат. Londinium, қазіргі Лондон) – біздің заманымыздың б.з.б 43 жылы римдіктер негізі қалаған қала. Ол ІІ ғасыр мен римдіктер жеңілген V ғасырға дейін Рим империясының негізгі сауда және билік орталығы болды. Лондиниум Темза өзенінде орналасқандықтан бұл оған теңізге де, Ұлыбританияның ішкі аймағына да қосылуды қамтамасыз етті.
Лондон ситиден көркті ескі мен заманауи ғимараттардың әсем қосындысын көре аласыз. Лондон сити бейне бір тастан қаланған лабиринт секілді. Тастан дейтініміз, қала алғашқы кезде ағаштан салынған. Бірақ 1212 мен 1666 жылғы өрттер қаланың айтарлықтай дамуына үлес қосты. 1666 жылғы өрт кезінде 13200-ден артық ғимараттар мен үйлер өртеніп кеткен. 4 күн жалынға оранған қаланың негізгі бөлігі күлге айналған. Бірақ 6-ақ адам қайтыс болыпты. Осы өрттен кейін Лондон нағыз мәдениет орталығына, заманауи қалаға айналды. Себебі алапат өрттің қайталануынан қорыққан қала әкімшілігі жаңа ғимараттарды тек тастан қалай бастаған.
© architecturalidea.com
Биг Бен
Биг Бен сағат мұнарасы – әлемге аты мәшһүр алып мұнаралардың бірі. Атақты мұнараның ұзындығы – 96 метр. Сондықтан да әлем бойынша ең алып сағат болып есептеледі. Құрылысы 1843 жылы басталып, 1856 жылы іске қосылған. 2012 жылдан бастап сағат аты – "ІІ Елизавета мұнарасы" деп өзгертілді.
Сағаттың төрт циферблатында латын тілінде мынадай жазулар жазылған: "Domine salvam fac Reginam nostram Victoriam Primam" ("Е, Құдай, біздің ханымымыз Бірінші Викторияны қорғай гөр!)
© airastana.com
Лондонға барып келу қанша тұрады?
"Эйр Астана" Алматыдан Лондонға (Хитроу) тікелей рейстерді орындайды. Лондонға ұшып бару оңай. Себебі, әуе компаниясының жаңа ұшағы – қауіпсіз әрі жайлы Airbus A321 LR әуе кемесі. Алматы – Ақтау – Хитроу бағытымен ұшқан ұшақ Ақтауға 1 сағаттай не одан аз аялдап, жанармай құйып алады. Хитроуға дейін 6,5 сағат ұшады.
Эконом класындағы минималді тариф – 299 582 теңгеден басталады. Бұл Лондонға барып келу құны.
Ұшақта іш пысу мүмкін емес. Алып әуе кемесінің орындығы жайлы, мультимедиялық экранмен жабдықталған. Фильм көріп, әуен тыңдауға, телебағдарламалар тамашалауға болады. Екі уақыт ас-ауқат пен жол жинағы беріледі.
Билетті airastana.com сайтында немесе Air Astana мобильді қосымшасында серіктес банктерден онлайн несиеге сатып алуға болады.
© alice-photo / Shutterstock
Мобильді байланыс
Жергілікті (PAYG) SIM картаны сатып алу Лондонда ұзақ тұрақтап қалатындар үшін халықаралық роумингтен гөрі әлдеқайда тиімді. Оны пайдаланған кезде телефон құлпын ашу қажет болады. Мұны жергілікті ұялы байланыс операторларының – T-Mobile, VOXI (Vodafone ішкі желісі), Orange, O2, Three, Giffgaff, Virgin Mobile сату нүктелерінің бірінде жасауға болады.
Ал туристер үшін роуминг қолданса да болады. Себебі, жергілікті оператор қызметі мен өзіңіз барған елдің роуминг қызметінің ақысы шамамен бірдей. Өз еліңіздің оператор қызметі берген тегін интернет пен тегін минуттар 5-6 күнге жетеді.
© Shutterstock
P.S. Сөз соңында айтарымыз Лондонға турист болып барғаннан кейін міндетті түрде интернет қызметі керек. Себебі сіз жүрген жеріңізде үнемі картаны пайдаланасыз. Бұл смартфон қуатының тез таусылуына алып келеді. Сондықтан елден шығарда міндетті түрде power bank сатып алыңыз. Лондонда оның құны шамамен 50 фунт стерлинг (26 мың теңге) тұрады.
Лондонда жүріп келеңсіз жағдайға тап болсаңыз немесе паспорт жоғалтып алсаңыз Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігіндегі мына нөмерге: +44 (0) 7570 654654 хабарласыңуызға болады.
Т. Раушанұлы