Табиғат аясында кәуаптан басқа не дайындауға болады?
Фото: pro-dachnikov.com

Табиғат аясында кәуаптан басқа не дайындауға болады?

Табиғат аясына шықсақ болды, кәуап дайындау әдетімізге айналған. Басқа тамақ жасауға болатынын ұмытып кетеміз.

Ендеше кәуаптан басқа не пісіруге болады, соны қарастырып көрейік.

Сорпа

Оңай дайындалатын тағамның бірі. Қойдың еті мен көкөністер болса жеткілікті. Кәуап сияқты маринат жасап, оны күтіп, кейін отқа қақтап қарап отырудың дым да қажеті жоқ.

Қазанға су құйып, ішіне қойдың етін жіліктеп бөліп салып, пияз, картопты молынан салып отқа қойсаңыз болғаны. 1-2 сағатта піседі. Жас малдың етін салсаңыз, 1 сағатта-ақ піседі.

Түтінге, күйе басқан қазанда піскен сорпа сондай дәмді болады. Табиғат аясында ішкен астың сіңімі де жұғымды болады.

Сірне

Қазақтың тағы бір жақсы көретін, табиғат аясында жеуді қалайтын тағамы.

Бұл асты əзірлеуге көп уақыт кетпейді. Сірнені əр өңірде əртүрлі дайындайды. Бұл жеңсік ас көбіне қозының қом жинаған шағында дайындалады. Сондықтан жер көгеріп, көктемнің құлпырған шағында сірне жасау əдетке айналған. Жас төлдің еті өте жұмсақ əрі сіңірсіз сіресіп пісетіндіктен де сірне аталады.

Сірнені дайындау үшін: төлдің еті, сұйық май, дəмдеуіштер, пияз, аскөк (укроп, петрушка т.б), пияз, тұз, бұрыш, қою қаймақ немесе бие сүті керек, егер жоқ болса орнына картоп, сəбіз қосады.

Қазанға 1 литрдей сұйық май құйып, əбден қызған кезде туралған етті сүйегімен саласыз. Жақсылап қуырылған еттің үстіне дəмдеуіштер яғни пияз, аскөк, көк пиязды да салып, қажетінше бұрыштап, тұздайсыз.

Картоп пісіру

Картопты фольгаға орап сыр мен пияз қосып пісіруге болады күлге. Ол үшін мықтырақ тағамға арналған фольга керек. Әрбір адамға 50*50 көлемді фольга алыңыз.

Картопты жуып тазалап, жұқалап кесеміз. Пиязды да дөңгелек тәрізді етіп кесе салыңыз. Сырды үккіштен өткізіп, аскөкпен араластырып себіңіз. Үстіне тұз бен бұрыш себеміз, соус құямыз. Мұның бәрін үйден дайындап әкелсеңіз, тіпті жақсы.

Фольганы жақсылап орап, күлдің ішіне тығып жіберсеңіз, 40 минут ас дайын болады.

Қ. Слямбек