Гүржістанға саяхат: Турист білуі тиіс деректер

Гүржістанға саяхат: Турист білуі тиіс деректер

Карантин шаралары жеңілдеген сайын мемлекеттер шекарасын ашып, туристердің сапарға шығу мүмкіндігі артып жатыр. Әуе компаниялары да түрлі бағыттағы рейстерін жандандыруда.

Осы сәтті пайдаланып Massaget.kz тілшісі Гүржістанға барып, мәдениеті, тарихы, тіршілігімен танысып қайтты. Бұл елге сапар шегетін болсаңыздар, сіздерге демалысты дұрыс ұйымдастыру үшін қажет деректерді ұсынамыз.

САКАРТВЕЛО — КАРТВЕЛДЕР ЕЛІ

Гүржістан — Кавказ тауларының етегінде, Қара теңіздің шығыс жағалауында орналасқан. Жері шұрайлы, суы мол ел. Атауы парсы тілінен "күштілер мекені" немесе "қасқырлар мекені" ("гурджи" - "күш", "қасқыр", "стан" - "мекен") деп аударылады. Еуропалықтар бұл елді "Джорджия" (Georgia) десе, орыстар "Грузия" деген атау берген. Ал жергілікті халық өз мемлекетін "Сакартвело" дейді. Бұл олардың тілінде "картвелдер елі" мағынасын білдіреді. Яғни, гүржілер, джордиянс, грузиндер мен картвелдер — бір ұлттың түрлі атаулары. 


Тбилиси, Кура өзенінің жағасы. Фото ©Massaget.kz/Ернар Алмабек

ТБИЛИСИ — ЖЫЛЫ ҚАЙНАР

Гүржістанның табиғаты әр алуан. Сол себепті мұнда жылдың төрт мезгілінде де көрер қызық көп. Көктемде күн әлі ысымай тұрғанда саябақтарды, ескі қамалдарды, көне қалаларды аралауға, жаздың ыстығында Қара теңізге барып шомылуға болады. Күзде жүзім жинау науқаны басталады. Бұл уақытта жергілікті халықтың шарап дайындау дәстүрімен жақынырақ танысу мүмкіндігі бар. Ал қыста таулы аймақта шаңғы теуіп қайта аласыз.

Бірақ қай кезде келсеңіз де, елді аралауды Тбилисиден бастаған жөн. Бұл — мемлекет астанасы әрі ең ірі қаласы. Халқының саны 1 млн 200 мың адам. Кура өзенінің жағасында орналасқан шаһардың тарихы V ғасырдан бастау алады. Аңызға сүйенсек, ерте замандарда Тбилиси маңы қалың орман болған екен. Бір күні сол орманда Вахтанг патша аңшылықта жүріп, қырғауыл атып алады. Құс сол жердегі ыстық суға күмп етіп түседі. Патша оны қолына алғанда қырғауылдың пісіп қалғанын байқайды. Ол бұл маңға "Жылы қайнар" яғни "Тбилиси" деген атау береді. Кейін қамал соқтырып, қала көтереді.

Вахтанг I Горгасали мүсіні, Тбилиси. Фото ©Massaget.kz/Ернар Алмабек

Қазіргі уақытта Тбилисидің негізі қаланған жерде Абанотубани ауданы ("моншалар ауданы") орналасқан. Аты айтып тұрғандай, бұл ауданда монша көп. Көнесі бар, жаңасы бар — бәрі де Вахтанг патшаға кезіккен жылы қайнардың күкіртті суын пайдаланады. Сол себепті де Тбилиси моншалары сергітетін әрі шипалы болып есептеледі. Тіпті ел ішінде "Мұнда келіп моншаға түспесең, Тбилисиде болдым деуге құқың жоқ" деген сөз бар.

Моншалардан бөлек туристерді әдетте ежелгі қамал, көне шіркеулер мен ескі аудан қызықтырады. Алғашқысы Гүржістан тарихын білуге көмектессе, шіркеулер руханиятымен танысуға мүмкіндік береді. Ал жоталарда орналасқан тар көшелі ескі аудан әдемі суретке түсемін деушілерге таптырмас жер.

Нарикала. Кура өзенінің оң жағалауындағы көне қамал. Салынған жылы белгісіз,
бірақ нысан туралы деректер IV ғасырдан бастап кездеседі.

Сиони шіркеуі. Тбилисидің бас ғибадатханасы. Ескі қалада орналасқан.
Шамамен VII ғасырда салынған.

Тбилиси мешіті. Шаһардағы жалғыз мешіт. 1723-1735 жылдар аралығында осман түріктері негізін қалаған. Тарихында бірнеше рет сүрілген. Қазір тұрған нұсқасы XIX ғасырда салынған.

Метехи храмы. Метехи шатқалында тұрған ғибадатхана. XII ғасырда салынған. Тбилисидің ең танымал тарихи ескерткіштерінің бірі. Қаланың барлық нүктесінен көрінеді.

Джвари монастырі. VII ғасырда салынған ғибадатхана.
Арагви өзенінің Кура өзеніне құяр тұсындағы биік төбеде орналасқан.

Уплисцихе. Тбилисиден 80 км жерде орналасқан көне қала.
Гүржістан аумағындағы алғашқы қалалардың бірі.

Тарихи ескерткіштер қызықтырмаса, Тбилисиде кейіннен ашылған туристік нысандар да бар. Мысалы, "Татулық көпірі", 150 метр биікке көтерілетін әуе шары, Нарикалаға шығатын аспалы жол, Мтацминда тауына апаратын фуникулер, таудан түсетін Zip-line арқан жолы. Сондай-ақ орталықта бірнеше алаң бар. Ал егер қаланы жаяу аралаудан шаршасаңыз, негізгі туристік нысандарға апаратын арнайы автобустар жүреді.

Дәстүрлі әншілер. Фото ©Massaget.kz/Ернар Алмабек

ҚОНАҚЖАЙ ХАЛЫҚ

Сакартвело халқы өте қонақжай. Өз елін таныстырғанды ұнатады. Сондықтан көшеде адассаңыз не барар жеріңізге жете алмай қиналсаңыз, кезіккен жандардан жол сұраудан қымсынбаңыз. Тіл жағына келер болсақ, үлкен кісілер орыс тілін біледі, ал жастардың дені ағылшынды меңгерген. Бірақ алдымен грузин тілінде амандассаңыз, жасына қарамастан бәрі қуанады. Сол үшін мына сөздерді бір қағазға түртіп алыңыз: "Сәлеметсіз бе!" деген грузин тілінде "Гамарджоба!" болады. Ал сұхбаттасушыңызды бірден жақын тартып, еркін формада амандасқыңыз келсе, "Гаумарджос!" дей аласыз. Дәл осы сөзді тост көтергенде де қолданасыз. Алғыс айтқанда "Мадлоба" дейсіз. Ал көп рақмет айту "Диди мадлоба!" болады. Қоштасарда "Нахвамдис" деу керек. Ол "Сау болыңыз!" дегенді білдіреді.

Грузиндердің қонақжайлығы тамақ пен сусын ұсынғанда да байқалады. Бұл ел дастарханда отыру дәстүрін берік ұстанады. Асты молынан қояды және қонағына міндетті түрде шарап құяды.

Тағамның шөптен, еттен, қамырдан жасалатын сан алуан түрі бар. Шошқа етін тұтынбасаңыз, үй иесіне алдын ала ескертіңіз. Ал шарап құярда қинау жоқ. Дегенмен дастархан басында сөз сөйлеп, әңгіме айтып отырған лазым. Бұл грузиндер үшін аса маңызды.

КАХЕТИЯ: ШАРАП ӨНДІРІСІ

Гүржістанның барлық өңірінде шарап шығарылады. Жүзім алқаптары елдің батысынан шығысына, солтүстігінен оңтүстігіне дейін созылып жатыр. Десе де шарап өндірудің негізігі орталығы ретінде Кахетияны атап өткен жөн. Дәл осы өңір атақты "саперави" жүзім сортының отаны болып есептеледі. Бүгінде аймақ орталығы Телави мен оның айналасында көптеген ірілі-ұсақты шарап шаруашылықтары жұмыс істейді. Дені аймақтың қақ ортасын кесіп өтетін Алазани өзенінен нәр алып отыр. Сол себепті бұл жерді "Алазани алқабы" деп те атайды.

Бір ерекшелігі, шаруашылықтардың есігі туристер үшін де ашық. Өңір қонақтары арнайы тур алып, шараптың тарихы, сақталуы, сатылуы туралы тың деректермен таныса алады.

Кварели шарап тоннелі. Фото ©Massaget.kz/Ернар Алмабек

Кварелидегі Хареба шаруашылығы ашқан "Кварели шарап тоннелі". Тауды тесіп жасалған бұл үңгір 1962 жылы ашылған. Жыл бойына ішіндегі ауа температурасы 12-16 градус аралығында сақталады. Бұл шарап үшін өте қолайлы жағдай. Тоннельдің жалпы ұзындығы 7,7 км-ге созылған. Ішіне 26 000 бөтелке шарап сияды. Коллекциядағы ең ескі шарап 2005 жылдан бері сақталып тұр (17 жыл).

Александр Чавчавадзенің үйі, Цинандали. Фото ©Massaget.kz/Ернар Алмабек

Қоғам қайраткері, ақын Александр Чавчавадзенің қожалығы. Бүгінде музей-үй мен шарап зауыты, жертөле, қонақ үй, мейрамхана орналасқан комплекс. Мұнда атақты грузин әулетінің тарихымен танысып, Цинандали шарабынан дәм татып, жақсы демалыс өткізуге мүмкіндік бар. Мұндағы жертөледе 15 000 бөтелке шарап сақталған. Олардың ішіндегі ең көнесі 1841 жылы шыққан (181 жыл).

Қазіргі Кахетия өңірі Грузияның Кахети, Кухети, Гардабани деген үш тарихи аймағының жерін алып жатыр. Бұл өңір тек шарап өндірісімен ғана емес, сондай-ақ тарихи, мәдени ескерткіштерімен де танымал. Оларға Греми, Хорнабуджи қамалдарын, Некреси, Бодбе монастырлерін, Кветера шіркеуін жатқызуға болады.

Алаверди соборы. Мұнарасының биікті 50 метрге дейін жететін бұл нысан XI ғасырда салынған. Ғимарат ішінде XV ғасырға жататын жазбалары сақталған.

Телави қаласындағы 800 жылдық ағаш. Бұл ағашты құшақтау үшін 10-11 адам қажет.

Сиғнағи. Ел ішінде "Махаббат шаһары" деп те атайды. Жергілікті аңыз бойынша дәл осы қалада суретші Нико Пиросмани ғашығы Маргарита де Севрдің жүрегін жаулау үшін алаңды гүлге толтырған деседі. Сол аңыз кейін әнге айналған.

 КЕРЕК ДЕРЕК

    - ҚР азаматына Гүржістанға бару үшін виза жасату міндетті емес.

    - Вакцинация паспорты Гүржістанға емін-еркін кіруге мүмкіндік береді.

    - Елге қайтарда вакцинация паспортыңыздың уақыты 6 айдан аспауы тиіс. Ол асып кеткен жағдайда және ревакцинацияңыз болмаса, Гүржістаннан ПТР тест тапсыруыңыз қажет.

    - Гүржістан ақшасы "лари" деп аталады. 1 ларидің құны шамамен 146 теңгеге тең. Мұнда ақша айырбастау қиындығы жоқ. Барлық қалаларда дерлік арнайы пунктер бар. Бірақ Қазақстаннан АҚШ долларын алып барған тиімді әрі ыңғайлы.

    - Тамақтың бағалары Қазақстанмен шамалас. Іздегенге көше тағамы да, қымбат ресторан да табылады.

    - Қонақ үй бағалары да әр алуан. Хостелге қоныстанамын десеңіз, 2 000 теңгеден басталады. Үш жұлдызды қонақ үйлерді 10 000 теңгеге табуға болады.

    - Саудаласуды ұмытпаңыз. Жергілікті адамдар турист екеніңізді бірден біледі. Сол себепті бағаларды көтеріп айтуы мүмкін. Қайда жүрсеңіз де бағаны түсіруді қысылмай сұраңыз.

    - Баратын жерлердің тізімін алдын ала құрыңыз. Бұл ақша мен уақытыңызды үнемдеуге көмектеседі.

    - Туристер жиі алатын кәдесыйлар: чурчхела - 2 лариден, магнит - 3 лариден, шарап - 25 лариден басталады.

    - Елге ұшақпен қайтсаңыз, өзіңізбен бірге 5 литр шарап алып өтуге рұқсат. Бірақ шарапты қол дорбаға емес, жүк дорбасына салу керек.

    - Air Astana әуе компаниясы Алматыдан Тбилисиге аптасына 4 рет (дүйсенбі, сейсенбі, жұма, жексенбі) ұшады. Үшінші маусымнан бастап 5-ші жиілік іске қосылады (сенбі).

    - Сондай-ақ 3 маусымнан бастап Нұр-Сұлтан мен Тбилиси арасын байланыстыратын рейстер ашылады. Ел астанасынан Тбилисиге аптасына 3 рет (сәрсенбі, сенбі, жексенбі) ұшуға болады. 

    Гүржістан жиһанкездерге керемет әсер сыйлары анық. Өйткені ол өзі кішкентай болса да жүрегі кең ел. Жол түсіп, таулы өңірге барар болсаңыз, демалысыңыз сәтті өтсін! Нахвамдис!

    Y. Almabek