Ауру-сырқауды білмейтін әлемдегі жалғыз халық

Ауру-сырқауды білмейтін әлемдегі жалғыз халық

Біздің қыры мен сыры мол, шешілмеген құпияға толы планетамызда  ауру-сырқау атаулыны білмейтін және өмір сүрулерінің орташа мөлшері 110-120 жасты құрайтын таңғажайып тайпа бар. Олар Үндістанның солтүстігіндегі Гималай тауларының бауырын, Хунза өзенінің аңғарларын мекендейді.

Олардың 40 жастағы әйелдері сырт көзге біздің 18-20 жастағы бойжеткендеріміз секілді көрінсе, ал 60-65 жастағылары өмірге сәби әкеліп жатады.

Өздерін хунзакуттармыз деп атайтын бұл ерекше тайпа өкілдерінен әлем халықтары құпияларын ашуын өтінгенде, барлығы да бір ауыздан: «вегетариан бол, әрдайым еңбектен, әрекет ет, өмір сүру ырғағыңды ешқашан өзгертпе» деп жауап берген екен.

Олар – қатерлі сырқатқа шалдықпаған әлемдегі жалғыз халық, тіпті, олардың қарттары кәрілікке тән әлсіздік, қуат кему, шөгу дегенді білмейді. Бір кездері күллі әлемді жайпаған аса қорқынышты індеттің өзі хунзакуттарға соқпай өтіп кеткен екен.

Әлем елдері олар туралы мәліметтерді осы өлкеде 14 жыл еңбек еткен шотландық әскери дәрігер Мак-Каррисонның баяндамалары арқылы білген болатын. Онан өзге көптеген дәрігерлер де қаншама жылдарын тайпаның құпиясын шешу жолына арнады. Нәтижесінде, ғалымдар ұзақ өмір сүрудің құпиясы – тамақтанудың ерекше жүйесі деген тоқтамға келді.
Хунзакуттардың ең басты айырмашылығы – барлығының дерлік вегетариан болуында жатыр. Олардың күнделікті астары – тандыр нан, көкөніс сорпасы, жеміс-жидектер, бадана т.б.

Халық сүт және сүт өнімдеріне құрметпен қарағандығымен, аса көп пайдаланбайды. Ас тұзы аздап болсын қолданыстарында бар болса да, қант пен бидай ұны мүлде ауызға алынбайтын көрінеді.

Мұнан өзге хунзакуттардың сіз бен бізге таңсық көптеген тағамдары бар. Десе де, ұзақ өмір сүру мен ауру-сырқаудан алыс болудың бар сыры тағамда жатыр дегенге сену қиын-ақ...

Ал сіз қалай ойлайсыз?

Суреттер:foto.prikolisti.com,yogaclassic.ru,poznaku.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева