Қазақша YouTube: Саяхатшылар видеоблогы

Қазақша YouTube: Саяхатшылар видеоблогы
Фото: Коллаж/Massaget.kz

Youtube видеохостингінде саяхатшылар видеоблогы аса танымал. Олардың көбінде кеңесін тыңдап, саяхатына қызығатын үлкен аудиториясы бар. Қазақша YouTube кеңістігінде де саяхатшылар танылып келеді. Massaget порталы назарыңызға ең таңдаулы видеоблогтар топтамасын ұсынады.

Sayahat Time

Sayahat Time – режиссер, фотограф Ернар Алмабектің саяхат туралы арнасы. Автор "Алтай қазынасы", "Оңтүстік аңыздары" сияқты экспедицияларға қатысып, Қазақстанның біршама көрікті мекендеріне саяхаттаған.

"Бұл арна ашылғанға дейін еліміздің біраз өңірін аралап тастаған едім. Әттең, талай қызық таспаланбай қалды", - дейді Ернар Алмабек. Десе де, арнада қазір Алтай өлкесі, Оңтүстік Қазақстан, Мәскеу, Дубай сапарларында түсірілген видеолар бар. Автор саяхат кезінде қанша қаржы жұмсалды, қалай дайындалып бару керек деген сияқты сұрақтарға жауап беріп, пайдалы кеңестерін айтып отырады.

Salem Sayahat

Salem Sayahat – Salem Social Media студиясының жобасы. Арнадағы "Саяхаттандырылмағандықтарыңыздан" атты жоба әжелердің түрлі қалада қалай саяхаттағанын көрсетеді. Авторлар Момыхан әже, Майғайша әже, Қамар әже, Тымар әже деген кейіпкерлердің Доминикана, Таиланд, Кения, Франция елдеріне саяхатын түсірген.

Shar Like

Shar Like – Данияр және Лесхан есімді саяхатшылардың видеоблогы. Олардың ең басты ұстанымы – автостоппен, ақшасыз саяхаттау. Саяхатшылар елден шығарда ең керек заттарды ғана алады. Әрі қарай автостоппен керек жерге тегін жетіп алып, тегін саяхаттайды. Осылай Ташкентке, Самарқанға, Бұхараға, Грузияға, Ингушетияға, Шешенстанға барып қайтқан.

Авторлар бұл видеоблог арқылы саяхат үшін көп нәрсенің керек емес екенін, тіпті тегін саяхаттауға болатынын көрсеткісі келген.

Марфуға ШАПИЯН

Журналист Марфуға Шапиянның арнасы саяхат, Ислам діні, кітап тақырыбына арналған. Мұнда саяхат тақырыбындағы біршама видео бар. "Таңғажайып Қазақстан", "Менің саяхаттарым", "Тылсымға толы Түркия", "Сиқырлы Ыстамбұл", "Жұмбаққа толы Моңғолия", "Өзгеше Өзбекстан" сияқты плэйлистерден видеоблогердің саяхаттарын, ондағы әсері мен кеңестерін көруге болады.

Massaget.kz