Тенерифеде таспен ойнамаңыз

Тенерифеде таспен ойнамаңыз

Испанияда Тенерифе (Канар аралы) деген қала бар. Туристер көп баратын Еуропадағы аймақтардың бірі. Сондай-ақ бұл өңір малтатастарымен де атақты. Бір қызығы, жуырда сол малтатастарды орнынан қозғап, оларды қалап "пирамида" жасауға тыйым салынбақ. Неге?

Экологтар малтатастардан жасалған пирамидалар арал экожүйесіне әсерін тигізеді деген шешімге келген. Алдағы уақытта малтатастарды орнынан қозғауға болмайтыны жайлы арнайы ескерту тақталарын орнатуды жоспарлауда. Тіпті аймақ бойынша осындай заң қабылдауды да ұсынуда. Жергілікті парламент бұл мәселені жуық арада талқыламақ. 

Туристер жағажайда малтатастарды қалап, әдемі суретке түсуді қалайды. Ал жергілікті мекеннің табиғатына жауапты мамандар бұған қарсы. Себебі ол тастарда кей буынаяқтылар тіршілік етеді.

Бұдан өзге ол тастардың астында кішкентай балдырлар өседі. Ал ол балдырлармен ұлу, шаянтектестер қоректенеді. Малтатастардың орнынан жиі алынуынан балдырлар көп шықпай қалған.

Telesforo Bravo Juan Coello табиғатты қорғау қорының директоры Хайме Коэльоның айтуынша, туристер тасты қалап, пирамида тұрғызуды жергілікті тұрғындардың бір салты әрі пұтқа табынушылық наным-сенімдері деп түсінеді екен. Расында олай емес.

- Тастарды бұлай қалау Шотландия немесе Перудегі ежелгі  жерлеу орындарында кездесуі мүмкін. Ал Испанияда мұндай болған емес, - дейді Коэльо тілшілерге берген сұқбатында.

The Sun басылымы жазғандай, жергілікті мамандар мен еріктілер ылғи малтатастарды қалпына келтіріп отырады екен.

Олай болса, Тенерифеге бара қалсаңыз, таспен ойнамаңыз. Сіз барғанша айыппұл салынатын ереже шығып, заң қабылданып кетпесіне кім кепіл?


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар